Петропавловск
+21°C
Главная страница » Агро » Мамлют ауданындағы іргелі шаруашылық “ПАРЫЗ” сыйлығының иегері атанды

Мамлют ауданындағы іргелі шаруашылық “ПАРЫЗ” сыйлығының иегері атанды

Президент үздіктерді “Алтын сапа” сыйлығымен марапаттады. Жыл сайынғы республикалық шарада “Парыз” бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауының жеңімпаздары белгілі болды. Жеңімпаздардың қатарында Мамлют ауданындағы іргелі шаруашылықтардың бірі – “Новомихайловское-2003” ЖШС бар, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Биыл конкурсқа қатысуға 492 ұйым өтінім берді. Оның 161 – ірі кәсіпкерлік субъектісі, ал 331 – шағын және орта кәсіпкерлік ұйым. “Новомихайловское-2003” ЖШС шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі ретінде “Үздік ұжымдық шарт” номинациясы бойынша конкурстың күміс мүсіншесінің иегері атанды.

“Новомихайловское-2003” ЖШС – дәнді және майлы дақылдарды өсірумен және мал шаруашылығын дамытумен айналысатын, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарайтын, әлеуметтік саланы өркендетуге белсенді қатысатын өңірдегі озық шаруашылықтардың бірі.

“Кәсіпорын өз қызметкерлері үшін үйлер салады, ауылды абаттандырумен, жолдарды жөндеумен және әлеуметтік нысандарды салумен айналысады. СҚО Кәсіпкерлер палатасының ұжымы бас директор Щеголев Геннадий Григорьевичті лайықты наградасымен құттықтайды. Бұл – көп жылғы адал еңбекті жоғары бағалау және ауыл тұрғындарының тыныс-тіршілігі үшін қолайлы жағдайлар жасауға және жалпы кәсіпкерлер арасында әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға басшының қосқан жеке үлесін мойындау”, – деп атап өтті СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры.

ЖШС бастама танытып, Новомихайловка ауылындағы қызметкерлеріне 7 үй салды. Баспаналар қос тарапқа да қолайлы шарттар бойынша тапсырылды. Ауылда заманауи спорттық-сауықтыру кешенін салу жобасы да іске асырылды, бұған дейін балабақша мен православтық ғибадатхана салынды. Сонымен қатар, кәсіпорында жас мамандарға 1 млн теңге көлемінде көтермеақы төлеу ісі жүзеге асырылуда.

Shares