«Қазақстандықтар нансыз қалмайды»: Үкімет отырысында егін орағы науқанының қорытындысы шығарылды
Солтүстік Қазақстан облысында астық жинау науқаны аяқталды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне Солтүстік Қазақстан облысындағы көрсеткіштер туралы баяндады.
Биылғы жылы астық түсімі 3,7 миллион тоннаны құрап, орташа өнімділік гектарына небәрі 11 центнерді құрады. Ауа райының қолайсыздығына байланысты науқан қиынға соқты, деп атап өтті Солтүстік Қазақстан облысының әкімі. Егіннің жартысынан көбі – 3-ші сортты.
«685 мың гектардан майлы дақылдар жинадық, орташа өнімділік гектарына 6,7 центнерді құрады. Әрине, ауа-райы өз әсерін тигізді, бірақ егін жинау науқаны оңтайлы деңгейде болды деп ойлаймын», – деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өз кезегінде қазақстандықтардың нансыз қалмайтынын атап өтті.
«Өткен жылдан қалған қорды ескерсек, ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге жеткілікті өнім бар. Диқандарымызға мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, әділетті сатып алу бағасы белгіленді. Несиелер мен қарыздарды ұзарту айыппұл санкцияларын қолданбай жүзеге асырылды. Арзандатылған дизель отыны, оның ішінде астықты кептіру үшін де бөлінді», — деді Әлихан Смайылов.