Петропавловск
+21°C
Главная страница » Агро » СҚО әкімі қоймалар мен элеваторларда егіннің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды

СҚО әкімі қоймалар мен элеваторларда егіннің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды

Облыстық әкімдік қабырғасында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен аппараттың кеңес өтті. Жиында екі маңызды мәселе – егін жинау науқаны және жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі тақырыбы талқыланды, деп хабарлайды QZ MEDIA тілшісі.

Аймақ басшысы жайлы ауа райын барынша пайдаланып, майлы дақылдарды жинау жұмысын аяқтау керектігін атап өтті. Сондай-ақ, облыс әкімі ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдіктеріне егінді тәулік бойы қабылдауды қамтамасыз етіп, келесі жылдың тұқым дайындығын қадағалауды тапсырды.

«Ауыл шаруашылығы техникасы паркін және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында заманауи астық сақтау қоймаларының бар-жоғын тексеру керек. Қоймалар мен элеваторларда егіннің сақталуын қамтамасыз етіңіздер. Аудан әкімдеріне жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтары қызметкерлерінің еңбек жағдайын, қауіпсіздік ережелерінің сақталуын, еңбекақыларының уақытылы төленуін бақылауға алуды тапсырамын», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігіне қатысты болды. Аймақ басшысы өрт сөндіру гидранттарының жұмысқа жарамдылығын және техниканың дайындығын тексеруді тапсырды.

«Аудандар мен Петропавл қаласының әкімдеріне құрғақ шөп пен қамысты дер кезінде шабуды тапсырамын. Өрттің алдын алу жұмыстарын белсенді түрде жүргізу керек. Жеке сектордағы үй-үйді аралап, тексеріп, халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлерін өрт датчиктерімен жабдықталуын қамтамасыз ету қажет», – деп түйіндеді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

 

 

Shares