СҚО АӨК субсидиялауға 60 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді
Солтүстік Қазақстан облысының диқандары көктемгі егіс науқанының басталуына дайындықтарын жалғастыруда. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының деректері бойынша өңірдің ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға 60,8 млрд теңге бөлінді, оның ішінде өсімдік шаруашылығын субсидиялауға – 24 млрд теңге, мал шаруашылығына – 10 млрд теңге, басқа бағыттарға – 30,4 млрд теңге, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
СҚО ӨКҚ брифингінде ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев айтып өткендей, наурыз айында аграршылар 14 млрд теңге субсидия алды. Оның ішінде 2023 жылғы күту парағынан инвестициялық субсидиялар – 5 млрд теңге, мал шаруашылығы – 1,9 млрд теңге, сыйақы мөлшерлемесі – 3,2 млрд теңге, қайта өңдеу – 1,6 млрд теңге, тұқым шаруашылығы – 0,3 млрд теңге, пестицидтер – 0,6 млрд теңге, тыңайтқыштар – 1,5 млрд теңге.
Сондай-ақ, 2024 жылдың басынан бастап қаржы институттары арқылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 11,1 млрд теңге бөлініп, 244 өтінім қаржыландырылды.
“”ҚазАгроҚаржы” АҚ филиалы арқылы бүгінгі таңда 3,6 млрд теңге сомасына 78 өтінім қаржыландырылды. “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ арқылы ағымдағы жылы АШТӨ 10,1 млрд теңге сомасына 218 өтінім қаржыландырылды. “Азық-түлік корпорациясы” ҰК” АҚ желісі бойынша ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу шеңберінде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін АӨК субъектілерін қаржыландыру да жүзеге асырылатын болады. Бұл мақсаттарға 10 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта “Азық-түлік корпорациясы” ҰК” АҚ осы бағдарламаға қатысуға өтінімдер қабылдауда. Бүгінгі таңда 15 млрд теңгеге 87 өтінім келіп түсті”, – деді Мейрам Меңдібаев.