Петропавловск
+21°C
Главная страница » Агро » СҚО-да орақ науқаны қарқын алды

СҚО-да орақ науқаны қарқын алды

СҚО-да дәнді дақылдарды жинау жұмысы жүргізіліп жатыр. Өңірде 613,6 мың гектардағы өнім бастырылған. Бұл жалпы егіс алқабының 18 пайызын құрайды. Сонымен қатар, 739 мың тонна астық соғылған. Облыс бойынша орақ жұмыстарына 13 мың арнайы техника жұмылдырылды. Бір ғана облысымызға 59 мың тоннаға жуық арзандатылған дизель отыны бөлінді, оның бағасы литріне 250 теңге, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Облыстағы астық қоймаларының жалпы сыйымдылығы 6,8 млн тоннаны құрайды. Оның 3 млн-ға жуығы – лицензиясы бар 48 астық қабылдау кәсіпорнына, ал қалған – 3,6 млн тоннасы ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы нысандарға тиесілі. Бұл облыста өндірілген астықтың қауіпсіздігін толық қамтамасыз етеді.

«Биылғы жылдың соңына дейін үш ауыл шаруашылығы құрылымында сыйымдылығы 22 мың тоннаны құрайтын астық қоймасының құрылысы аяқталады. Сақтау сыйымдылығын арттыру әртүрлі дақылдарды әртүрлі сақтауға да ықпал етеді. Бұл сәйкесінше сақтау сапасы мен оның логистикасына септігін тигізеді»,- деп толықтырды ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы өкілдері.

Қысқы кезеңге мал азығын дайындау жұмыстары да жүргізілуде. Биыл шөпке деген қажеттілік – 940 мың тоннаны, ал пішендемеге 211 мың тоннаны құрайды. Жоспар орындалды деуге болады.

 

Shares