СҚО-да суармалы жерлердің аумағы ұлғайтылады
Солтүстік Қазақстан облысында су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суармалы жерлердің көлемін біртіндеп ұлғайту бойынша белсенді жұмыс жалғасуда, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, 2023 жылы осы бағытта 5 инвестициялық жоба жүзеге асты, 2024 жылы олардың саны тағы бірнешеге өспек. Бұл суармалы алаңды 2,9 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ескерер жайт, Солтүстік Қазақстан облысында бір жылда ауыл шаруашылығы дақылдарын суару алаңы 2 есеге ұлғайды. Көрсеткіш 4 713,5 гектарға жетті.
Облыста жаңбырлатып суаруға баса назар аударылады. Негізгі өсірілетін дақылдар белгілі: жемшөп – 2 409 га, дәнді дақылдар – 1 038 га, қалған аумақты көкөністер алып жатыр. Жалпы, СҚО-да 2021-2025 жылдар аралығында суды үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суармалы жерлер алаңын 10,1 мың гектарға дейін біртіндеп ұлғайту жөніндегі іс-шаралар көзделген.