Петропавловск
+21°C
Главная страница » Агро » СҚО-ға Дания мен Германиядан мал жеткізілді

СҚО-ға Дания мен Германиядан мал жеткізілді

Қызылжар ауданындағы “Молодое-агро” ЖШС-не Германиядан мал әкелінді. Жануарлардың бірінші партиясы – голштино-фриз тұқымды 34 ірі қара. Тұяқтылар карантинге қойылды. Архангелка ауылының маңында тауарлы-сүт фермасының құрылысы бірнеше жыл бұрын басталды және бірнеше айдан кейін жаңа кәсіпорын іске қосылады деп жоспарлануда, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“Голштино-фриз тұқымы өзін өте жақсы көрсетті. Жақсы сүт береді. Инвестициялық жоба аясында әлі де 150-ге жуық бас әкелінбек. Жаңа ТСФ-ның қуаты жылына 1200 тоннаны құрайды. Ол 200 малға есептелген. Осы жобаны іске қосудың арқасында қосымша 20-ға жуық жұмыс орны ашылады”, – деді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Шақанов.

Сондай-ақ, импорттық мал Шал ақын ауданындағы “LTD Zha-Group” тауарлы-сүт фермасына келді. Мұнда Дания Корольдігінен сүтті бағыттағы голштино-фриз тұқымының 136 құнажыны жеткізілді. Бұл ферма күзде ашылады деп жоспарлануда.

“Ферма 720 басқа арналған. ӘКК-дан алғашқы құрылысқа деп 400 млн теңге көлемінде несие алынды. Ақша “шырша” залына жұмсалды. Ал малды сатып алу үшін 800 млн теңге көлемінде несие рәсімделді. Даниядан қосымша 500 басты жазда әкелеміз. Жыл бойғы жұмыспен 40 маманды қамтығымыз келеді. Қазір 20 адам еңбек етуде. Сауыншылардың орташа жалақысы 200 мың теңгені құрайды”, – деді “LTD Zha-Group” ЖШС директоры Жәнібек Есілбаев.

Бөлісе кетейік, соңғы 3 жылда облыстың сүт өңдеу кәсіпорындары қуаттылықты 13,8% арттырды.

Shares