Петропавловск
+21°C
Главная страница » Біздің халық » «Мен білікті маман екенімді дәлелдей алдым»: Светлана Магуянова – оқушылар мен ата-аналардың сеніміне ие қазақ тілі пәнінің мұғалімі

«Мен білікті маман екенімді дәлелдей алдым»: Светлана Магуянова – оқушылар мен ата-аналардың сеніміне ие қазақ тілі пәнінің мұғалімі

Мұғалімдер күні қарсаңында QZ News ақпараттық агенттігі өз оқырмандары үшін педагогтар туралы материалдар топтамасын дайындады. Аудандардағы және қаладағы ұстаздар мамандықты не себепті таңдағаны, қандай қиындықтарға тап болғаны, еңбек жолында қалай алға басқандары туралы егжей-тегжейлі айтып береміз. Теріскейлік Светлана Магуянованың өткен жолын ерекше деп айтуға толық негіз бар. Жас кезінде ол шығармашылық мамандықты меңгергісі келген, бірақ тағдыр жолы басқа арнаға жетелепті.

“Келлер орта мектебін бітірдім. Содан кейін Астанадағы Айман Мұсақожаева атындағы музыка академиясына түстім. Әнші, актриса болғым келді, актерлік шеберлік және режиссура кафедрасында оқыдым, театр және кино актрисасы атануым керек еді. Бірақ омыртқа жарақатын алдым, оқуды бітірмей, академиялық демалыс алып, СҚМУ-нің “Қазақ тілі мен әдебиеті” кафедрасына ауыстым”, – деді Қызылжар ауданы Белое орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Светлана Магуянова.

Солтүстікқазақстандықтың жоспары қатты өзгерді, ол «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасында сырттай оқыды. Оқу ақылы болды, Светлана Магуянова мамандық иесі атану үшін көп еңбек етті.

“Оқумен қатар асаба, мейрамханада әнші, үйлену тойының салонында сатушы-консультант болып жұмыс істедім, даяшы, банкте де еңбек еттім, тәрбиеші болу үшін балабақшада тағылымдамадан өттім, аспазшы, шаруашылық меңгерушісі болып та тер төгтім. 2014 жылы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін мені Белое орта мектебіне қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі ретінде жұмысқа шақырды. Қазір орта және үлкен буынға сабақ беремін”, – дейді Светлана.

Светлана Васильевна өзі жұмыс істейтін ұжым туралы тек жылы лебіз білдірді. Алғашқы күннен бастап оны әріптестері қабылдап, қолдаған. Белое орта мектебінің мұғалімдері – отбасыларымен достар, бір-біріне қонаққа барып, мерекелерімен құттықтайды. Ал оқушылардың ата-аналарымен Светлана Магуянова жұмысқа енді кіріскен жылдары ортақ тіл таба алмаған.

“Бастапқыда ата-аналар мені қабылдамады, менің мүмкіндіктеріме күмән келтірді, ашып айтсам, орыс ұлтының қызы қазақ тілін қалай меңгергенін түсінбеді, мені тіл білмейді деп ойлады. Содан кейін мен өз күш-жігеріммен, жетістіктеріммен жақсы маман екенімді дәлелдедім. Барлық концерттерге қатысып, мемлекеттік тілде мектеп іс-шараларын өткіземін. Біздің бастауыш ұйымда кәсіподақ төрағасы болып табыламын. Оқушылар мені қабылдады, өте жақсы көреді, бағалайды және құрметтейді. Мен де өз оқушыларымды жақсы көремін”, – деп бөлісті қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Светлана Магуянова өзінің әр сабағына ерекше қарауға тырысады. Оның мақсаты – оқушылар жаңа тақырыпты талдай отырып түсіну. Ол үшін білікті маман сабақтарды әр түрлі етеді.

“Барлық мұғалімдер бекітілген бағдарлама бойынша жұмыс істейді, бірақ бізде дәстүрге сай емес әрекет етуге, материалды балалар жақсылап түсіну үшін өз әдістеріміз арқылы жұмыс істеуге құқымыз бар. Өз атымнан айтқым келетіні, менің пәнім бойынша бағдарлама өте ауыр. Мен балалардың тұрмыстық жағдайда оңай сөйлей алғанын, қарапайым әңгімені қолдағанын, шынайы жағдайда мемлекеттік тілде сөйлейгендерін қалаймын. Мектептегі ұстаздарым маған осылай үйретті, мен оған өте ризамын. Сабақта балалар өздерінің эмоцияларын білдіріп, ойларымен бөлісуі үшін қарапайым сөздерді үйретеміз”, – деп түсіндірді спикер.

Светлана Васильевна өз оқушыларының жетістіктерін мақтан тұтады. Маман балалардың көбін олимпиада мен жобалар байқауларына дайындады. Кейбір түлектермен ауылдық мектептің мұғалімі араласып тұрады, олар мемлекеттік тілде ойларын еркін білдіреді.

Қазір Светлана Магуянованың шәкірті «Тіл тәуелсіздік тұғыры» олимпиадасына дайындалуда. Тәжірибелі педагог өз еңбегі үшін облыс және аудан басшыларынан бірнеше рет түрлі марапатқа ие болды. Қазан айында Светлана Васильевна «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» байқауының республикалық кезеңіне барады. Күйеуімен бірге Қызылжар ауданының тұрғыны үш бала тәрбиелеп отыр. Азаматша балаларының қазақ тілінде еркін сөйлеуі үшін бар күш-жігерін жұмсауда.

Shares