Телеарнада тер төгіп жүріп, мемлекеттік қызметке ауысқан бұрымды
Қазақстанда 23 маусымда Мемлекеттік қызметшілер күні атап өтіледі. Осы мереке қарсаңында QZ Media тілшісі Қызылжар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Жанель Батановамен әңгімелесті. Мемлекеттік қызметші 22 жасына дейін Муниципалды телерадиоарнада журналист болып жұмыс істеді, кейін Петропавл әкімдігінің қабырғасында “жас жауынгер курсынан” өтті, ал бертін келе ауыл тұрғындарының игілігі үшін аянбай еңбек етуге бел буды.
“Мен әрқашан жаңа мүмкіндіктерге ашықпын. Университеттің бірінші курсынан бастап түрлі мамандықтарды сынап көрдім. Жазғы кезеңде анама дүкендегі жұмысына көмектестім, содан кейін телеарнаға орналастым, онда күн сайын әртүрлі салаға қатысты материал әзірледім. Бір сәтте маған мемлекеттік қызметте өзімді сынап көру ұсынылды. Бұл қадам жеті рет өлшегеннен кейін жасалды. Ал қазір аз да болсын тәжірибем бар, сондықтан әр тарапта не болып жатқанын бағалай аламын”,- деді Қызылжар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Жанель Батанова.
Жанель Батанова мемлекеттік қызметтегі жұмысына бірден үйрене алмады. Ол біртіндеп жаңа міндеттер мен оларды орындауға байланысты талаптарды үйренген.
“Мен Петропавл қаласы әкімдігіне қарасты ТКШ бөлімінде баспасөз хатшысы болып еңбек еттім. Мұндағы жұмыс маған жоспарлау мен үйлестірудің маңыздылығын, командада жұмыс істей білуді және түрлі құрылымдармен өзара іс-қимылды үйретті. Осы лауазымда өткізген бір жыл ішінде мен құнды тәжірибе жинадым. Негізгі қиындықтардың бірі – бюрократиялық процедураларға үйрену және ережелерді қатаң сақтау. Телеарна мен әкімдіктегі жұмыстың айырмашылы бар. Алғашқысында бәрі жылдам атқарылады, әкімдікте құжаттама мен келісімдерге көбірек көңіл бөлу қажет. Мен ішкі процестерге және әртүрлі деңгейдегі шешімдердің бекітілуін күту қажеттілігіне бірден үйрене алмадым”, – деді Жанель Батанова.
Кейін жас мемлекеттік қызметші тағы бір шешім қабылдады. Қазір бәрі бірдей мұндай қадам жасай қоймайды. Жанель Батанова қалада мансабын жалғастырудың орнына Қызылжар ауданының әкімдігіне жұмысқа орналасуды жөн көрді.
“Мен өз білімім мен тәжірибемді жаңа ортада қолданғым келді, ауыл тұрғындарының алдында тұрған мәселелерді шешуге көмектескім келеді. Жастар қаланы жиі таңдайтынына қарамастан, мен ауылдық жерден өсуді жөн көрдім. БАҚ-пен жұмыс істеймін, ресми ақпарат таратамын, баспасөз конференциялары мен брифингтер ұйымдастырамын, ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргіземін, баспасөз релиздері мен баяндамалар жазамын, халықты әкімнің қызметі мен аудан әкімдігінің шешімдері туралы жедел хабардар етемін”,- деді Қызылжар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.
Тасқын жайлы айтайық. Облысқа топан су келген кезде Жанель Қызылжар ауданы әкімдігінің басқа мамандарымен бірге су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесу үшін тәулік бойы жұмыс істеді.
“Су тасқыны кезінде жұмыс қарқыны айтарлықтай өсті. Маған қалыптасқан жағдайға қатысты жан-жаққа тез ақпар беруге, материал түсіруге, тура келді. Жұмыстағы ең жайсыз естелік – үйлерінен айырылған адамдардың эмоциялары. Олар қатты қорықты, абдырады. Бұл менің есімде ұзақ сақталады. Осы сәттер төтенше жағдайларға дайын болу және тез шешім қабылдай білу қаншалықты маңызды екенін көрсетті”, – деп атап өтті Жанель Батанова.
Сирек болатын демалыс күндері Жанель отбасымен және достарымен уақыт өткізуге тырысады. Ашық ауада серуендегенді, кітап оқығанды және спортпен шұғылданғанды ұнатады.
“Бұл маған жаңа жұмыс күндері үшін қуат алуға көмектеседі. Мемлекеттік қызметке жаңадан келгендерге менің кеңесім – шыдамды және табанды болу. Сұрақтар қоюдан және тәжірибелі әріптестерден үйренуден қорықпаңыздар. Кез келген жақсы өзгерістер уақыт пен күш-жігердің арқасында келеді. Әрбір тапсырмадан жеке және кәсіби өсу мүмкіндігін көруге тырысыңыз, сонда сіздің жұмысыңыз рахат әкеледі”, – деп есептейді жас мемлекеттік қызметші.