Петропавловск
+21°C
Главная страница » Экономика » СҚО-да 4,5 мың адам қаржылық сауаттылық курсынан өтеді

СҚО-да 4,5 мың адам қаржылық сауаттылық курсынан өтеді

Солтүстік Қазақстан облысында 2024 жылдың ақпан-желтоқсан айлары аралығында “Аманат” партиясының мұрындық болуымен “Қарызсыз қоғам” жобасы аясында оқыту өтеді. Бір топтағы сабақ бес күнге созылады. Оқыту бағдарламасына дәрістер мен кеңестер кіреді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“Бағдарламаға жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және бюджет қызметкерлері қатысады. Халықты несиелендіру – біздің мемлекеттегі үлкен проблема. “Қарызсыз қоғам” бағдарламасы қаржылық қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектеседі. Оның көмегімен солтүстікқазақстандықтар қаржы институттарының қалай жұмыс істейтіні, олардың қайсысына сенуге болатындығы туралы көбірек біледі. Сонымен қатар, адамдар бюджетті жүргізуді, ақшаны үнемдеуді үйренеді, алаяқтардың қалай әрекет ететіні туралы біледі, демек олар болашақта өздерін қорғай алады”, – деді СҚО бойынша “Ұлы дала” ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығы республикалық ҚБ төрағасы Дмитрий Шледевиц.

“Қарызсыз қоғам” жобасы аясында 4,5 мың адам оқудан өте алады. Бағдарлама кәсіпкерлерге де көмектесуге арналған.

“Кәсіпкерлік бағыт бойынша оқыту жүргіземіз, бизнес-жоспар құруға көмектесеміз, 12 ай бойы толық сүйемелдеу жүргіземіз. СҚО бойынша “Қарызсыз қоғам” бағдарламасы бүгін Петропавлда, Есіл, Айыртау және Мамлют ауданында басталды. Сабақтар оқу орындары, ауруханалар және ірі кәсіпорындар базасында өтеді”, – деді Дмитрий Шледевиц.

“Менің несием бар, қаржыны әрдайым дұрыс басқару мүмкін емес, бұл салада маған білім жетіспейді, бірақ оқуға, өмірімді жақсы жаққа өзгертуге деген ұмтылыс бар. Сондықтан мен бұл жобаға қатысамын”, – деді Петропавл тұрғыны Қымбат Самратова.

 

 

 

 

 

 

 

Shares