Петропавлда көпшіліктің таңданысын туғызған «Дирижерлер шеруі» фестивалі өтті
Ақан сері атындағы облыстық филармонияда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Гылымовтың 50 жылдығына арналған «Дирижерлер шеруі» халықаралық фестивалі өтті, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
“Ресей Федерациясынан, Қырғызстаннан және жақын облыстардан менің әріптестерім келді. Концерт екі бөлімнен тұрады. Бірінші жартысында классика, содан кейін халық музыкасы орындалады. Көрермендер бұл шараны тамашалап, демалады деп ойлаймын. Мен өзімнің мерейтойымды Петропавл сахнасында өткізгеніме қуаныштымын. Өзім Тайынша ауданында дүниеге келдім”, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Дәурен Гылымов.
Солтүстікқазақстандықтар қырғызстандық Бакыт Тилегеновтың, Алматы қаласынан келген Жалғасбек Бегендіковтың, РФ-дан Владимир Кончевтың, Павлодар қаласынан Талғат Кәрімовтың, Қостанай қаласынан Берік Оразалиннің және басқа да дирижерлердің шеберлігін тамашалады.
Фестиваль сахнасында Астана, Ресей және Петропавл қалаларынан келген вокалистер де өнер көрсетті.