Петропавловск
+21°C
Главная страница » Мәдениет » Петропавлда “Сұлтан Бейбарыстың оралуы” атты қойылымдар байқауы өтті

Петропавлда “Сұлтан Бейбарыстың оралуы” атты қойылымдар байқауы өтті

Сұлтан Бейбарыс – Египет пен Сирияның төртінші сұлтаны. Крестшілер мен моңғолдарды жеңгені үшін ол “Әбу әл-Футух” – “жеңістердің әкесі” деген лақап атқа ие болды. Жас ұрпақ ұлы сұлтан туралы көбірек білуі үшін облыс орталығында “Сұлтан Бейбарыстың оралуы”  атты қойылымдар байқауы өтті, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Тарихи тұлғаларды насихаттауға бағытталған байқауға қалалық мектептердің 200-ден астам оқушысы қатысты. Іс-шараның басты міндеті – елдің тарихи мұрасына ұқыпты қарау, сондай-ақ қазақ тілін қолдану аясын кеңейту.

Байқау мемлекеттік тілде өткізілді. Қатысушылар Сұлтан Бейбарыстың өмірі мен қызметіне арналған қойылымдарды ұсынды. Байқауға дайындық кезінде Морис Симашконың “Емшан” атты көркем фильмі мен повесі көмекші материал ретінде пайдаланылды. 

“Біріншіден, бұл – балаларды тарихқа баулу. Қазақстан тарихы бойынша әзірленген оқу бағдарламасында бұл тақырып үстіртін қаралған. Мұндай адамның өмірі мен қызметі туралы балалар білуі керек. Сонымен қатар, бұл – актерлік шеберлік деңгейін арттыру. Байқау осы форматта алғаш рет өткізіліп отыр”, – деп атап өтті қалалық білім бөлімінің әдіскері Екатерина Солоненко.

Қойылым барысында қатысушылар әртүрлі заттарды, костюмдерді және музыкалық сүйемелдеуді қолданды. Үздік қойылымдардың актерлері “Бір актер театры”, “Көркем дизайн” және “Үздік миниатюра” номинациялары бойынша 1, 2 және 3 дәрежелі грамоталармен марапатталды.

 

Shares