Мүгедектігі бар жолаушыларды пойызға кіргізбей қойған: тасымалдау ережелеріне өзгеріс енгізілді
Бас көлік прокуратурасының наразылығынан кейін теміржол көлігімен жолаушыларды тасымалдау ережелерінің 44-тармағының күші уақытша тоқтатылды. Бұл тармақ мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын шектейтін еді, деп хабарлайды QZ News “New Times.kz” ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Аталған тармақ бойынша мүгедектігі бар адамдар билет сатып алу кезінде анықтаманы көрсеткеніне қарамастан, пойызға отырғызу кезінде оны қайтадан ұсынуға міндетті болатын.
«Нәтижесінде көптеген жолаушылар пойызға отырғызудан бас тарту жағдайларымен бетпе-бет келіп, бұл олардың қозғалу еркіндігіне қатысты конституциялық құқықтарын бұзды», — деп мәлімдеді көлік прокуратурасы.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша жүріп-тұру еркіндігін шектеу тек заңмен реттелуі тиіс, ал «Теміржол көлігі туралы» заң жолаушының өзімен бірге тек екі құжатты – жеке куәлік пен билетті – алып жүруін талап етеді.
Көлік прокуратурасы бұл норманы заңсыз деп танып, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі оны Тасымалдау ережелерінен алып тастау рәсімін бастады. Аталған рәсім аяқталғанға дейін тармақтың қолданылуы тоқтатылды.
«Енді мүгедектігі бар жандар қосымша анықтамасыз-ақ теміржол көлігін еркін пайдалана алады», — деп хабарлады ведомство.