Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры білім саласына 850 грант бөледі

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры білім саласына 850 грант бөледі

2023-2024 оқу жылында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры «Білім гранттары» қайырымдылық бағдарламасы аясында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына бакалавриат бағдарламасы бойынша күндізгі оқуға түсушілерге 850 грант бөледі, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Білім беру гранттары конкурсына қатысу үшін құжаттар қабылдау комиссиясы арқылы қабылданады. Білім беру грантын тағайындау үшін үміткерлер тізімі ағымдағы жылы ҰБТ тапсырған және оқуға түсу үшін қажетті өту балын жинаған талапкерлерден құралады. Грантқа ие болған үміткерлердің тізімін қор басқармасы бекітеді. Бұл ретте қор өтініш берушінің бағдарлама талаптарына сәйкестігін ғана қарайды.

«Білім беру гранты ауысу құқығынсыз атаулы болып табылады. Ол бір рет беріледі, екінші жоғары білім алу үшін білім грантын алуға рұқсат етілмейді. Білім беру гранты өз қалауы бойынша оқудан шыққан, үлгерімі нашар және екінші курсқа қалдырылған студенттерден алынады. Сондай-ақ білім беру грантының иегері жалған мәліметтер немесе жалған құжаттарды ұсынған жағдайда грант тоқтатылады», деп атап өтті қордың баспасөз қызметі.

Бағдарламаға қатысудың ең жоғары жас шегі – 29 жас. Қордан берілетін жалпы білім беретін грантқа үміткерлер:

 – Ауылдық жердегі, шағын және моноқалалардағы аз қамтылған отбасылардан шыққан өтініш берушілер

– Жетім балалар немесе кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар

– мүгедектер

– мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан өтініш берушілер

 – қайғылы қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан Қазақстан Республикасы азаматтарының балалары

– қайғылы қаңтар оқиғасы кезінде жараланған балалар

 – төтенше жағдайларда зардап шеккен, қаза болған Қазақстан Республикасы азаматтарының балалары (Қордың Қамқоршылық кеңесінің шешімі негізінде).

Білім гранты иегерлеріне оқу жылы ішінде 1 миллион теңгеге дейін оқу ақысы төленеді және ай сайынғы негізде 40 000 теңге көлемінде стипендия төленеді. Шәкіртақы жазғы демалыстарды қоспағанда, 10 ай көлемінде шотқа аударылып отырады.

Shares