Қазақстан өмір сүру сапасы бойынша Орталық Азия елдерінен алда тұр
CEOWORLD журналы Human Progress Index (HPI) бойынша жаңа рейтинг жариялады. Онда өмір сүру сапасы мен ұзақтығы, білім деңгейі, саяси тұрақтылық, жан басына шаққандағы табыс және мүмкіндіктерге қолжетімділік сияқты көрсеткіштер талданған. Бұл көрсеткіштер неғұрлым жоғары болса, елдің рейтингтегі орны да соғұрлым жоғары болады, деп хабарлайды QZ News Tengritravel.kz сілтеме жасап.
Зерттеудің толық деректері журнал мақаласында жарияланған. 2024 жылға арналған есептің қорытындысы бойынша, өмір сүру сапасы жағынан әлемдегі ең үздік ел – Швейцария деп танылды. Одан кейінгі орындарда Норвегия мен Исландия тұр. Төртінші орында Гонконг тұр. Швеция бесінші, Дания мен Германия алтыншы және жетінші орындарға жайғасқан. Алғашқы ондыққа Ирландия, Сингапур және Аустралия кірген — тиісінше сегізіншіден оныншы орынға дейін.
Түркия – 48-орын, Ресей – 59-орын, Беларусь – 72-орын, Армения – 78-орында.
Қазақстан өмір сүру сапасы бойынша Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр – әлемдік рейтингте 70-орында. Түрікменстан 96-орында, Өзбекстан – 108-орында, Қырғызстан – 119-орында, ал Тәжікстан – 128-орында.
Рейтингті жасау үшін CEOWORLD сарапшылары 196 елді үш негізгі санат бойынша салыстырған: тұрақтылық, қанағаттану және тепе-теңдік. Бағалау 23 көрсеткіш бойынша жүргізілді, олардың әрқайсы осы санаттардың біріне жатқызылды. Барлық параметрлер 100 балдық шкала бойынша өлшенген.
CEOWORLD — халықаралық іскерлік басылым. Ол экономика, инвестиция, мансап, технология, білім беру және түрлі елдердегі өмір сапасы тақырыптарында аналитикалық материалдар, рейтингтер мен зерттеулер жариялайды.