Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Қазақстанда газ бағасы қымбаттауы мүмкін

Қазақстанда газ бағасы қымбаттауы мүмкін

Энергетика министрлігі тауарлық газдың шекті көтерме бағаларын қайта қарауды жоспарлап отыр. Себебі, газ әлі де өзіндік құнынан төмен бағамен сатылып жатыр, деп хабарлайды QZ News NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.

“Ашық НҚА” сайтында энергетика министрінің тауарлық газдың ішкі нарықтағы көтерме сату бағаларын белгілеу мәселелеріне өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасы жарияланды.

«Салалық сарапшылардың есептеулеріне сәйкес, ең төменгі рентабельділікке қол жеткізу үшін алдағы үш жыл ішінде көтерме бағаны жыл сайын орта есеппен 33%-ға түзету қажет. Бағалар әрбір өңір үшін жеке-жеке белгіленетін болады, бұл ретте газды сатып алу, тасымалдау және сақтау шығындары ескеріледі», – делінген НҚА жобасында.

Сонымен қатар, бұл өзгерістер жаңа газ өңдеу зауыттарын салуға, қолданыстағы газ құбырларын жаңғыртуға және жаңа кен орындарын игеруге мүмкіндік береді.

Жоба қабылданса, газ саласындағы экономикалық шығындармен байланысты жағымсыз салдардың алдын алуға мүмкіндік береді. Шекті бағаларды түзету 2025 жылғы 1 шілдеден бастап жүзеге асырылмақ.

Telegram-арнасындағы ENERGY MONITOR аналитиктерінің мәліметінше, құжатта тек көтерме баға туралы сөз қозғалады. Ал халық үшін тағайындалатын бөлшек тарифтер бөлек қалыптасады.

Сондай-ақ, әлеуметтік осал топтарды қорғауға ерекше көңіл бөлінбек. Мысалы, олар үшін тауарлық газға 24%-ға дейін жеңілдіктер қарастырылған.

«Тауарлық газ бағасы жыл сайын түзетіледі. Өткен жылы бұл көрсеткіш 20%-ды құрады. Іс жүзінде Қазақстан газ импорттаушы елге айналды: 2024 жылы ішкі нарықтың қажеттілігін өтеу үшін Ресейден 3,8 млрд текше метр газ импортталды», – дейді сарапшылар.

Shares