Қазақстанда медициналық көмекке қатысты шағымдар саны 11,7%-ға азайды
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне байланысты халық тарапынан түсетін шағымдар саны айтарлықтай азайды. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мәлімдеді, деп хабарлайды QZ News.
2025 жылдың алғашқы бес айында қорға 10 363 шағым келіп түскен, оның 5 073-і кейін қайтарып алынған.
ӘМСҚ басқарма төрағасының орынбасары Индира Саркенованың айтуынша, мұндай оң өзгеріс медициналық қызмет сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Қор медициналық мекемелер жанынан құрылған пациенттерді қолдау қызметтерімен тығыз жұмыс істеп келеді. Бұл қызметтердің мамандарына арналған оқу сессиялары Қор тарапынан ай сайын өткізіледі.
Оқу бағдарламасы аясында беделді басқару, этика және деонтология, сондай-ақ ҚР медицина қызметкерлерінің ар-намыс кодексі секілді маңызды тақырыптар қамтылады. Сессиялар барысында нақты шағымдар мысал ретінде талданып, қызметкерлер теориялық білімді практикада қолдана отырып, халық сенімін арттыруға мүмкіндік алады.