Қазақстанда Қытай бағытына жаңа теміржол құрылысы басталды
Абай облысында ұзындығы 272 шақырымды құрайтын Бақты – Аягөз жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды. Бұл жайлы Үкіметтің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Абай облысында жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды. Бақты – Аягөз бағытындағы теміржолдың ұзындығы 272 шақырымды құрайды. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов телекөпір арқылы құрылыс жобасын ресми түрде іске қосты. Жоба Президент Қ.Тоқаевтың еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда.
Жаңа желіні салу барысында Қытаймен Бақты – Шәуешек үшінші шекара өткелін ашу жоспарланып отыр. Жалпы Бақты – Аягөз теміржол желісі Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу қабілетін 28 млн-нан 48 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, оңтүстіктегі өткізу бекеттеріндегі кептелістерді жоюға және қосымша транзит көлемін тартуға жол ашады. Теміржол 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Құрылыс барысында 11 станция, 47 көпір, 23 теміржол және 8 автомобиль өткелі, 5 жаяу жүргіншілер көпірі, 16 бақылау құрылыстары салынады. Осы мақсатта отандық өндірушілерден 500 мың бірліктен астам шпал және 36 тонна рельс сатып алу жоспарлануда.
Магистраль құрылысы 1700-ден астам адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. Премьер-Министр былтыр теміржолдармен тәуелсіз Қазақстанның 30 жылындағы ең жоғары жүк көлемі тасымалданып, 245 млрд тонна-километрді құрағанын атап өтті.
«Мұның барлығы Абай облысының ғана емес, бүкіл еліміздің экономикасына оң әсерін тигізеді. Бақты – Аягөз жобасы Қазақстан теміржол желісінің әлемдік көлік жүйесіне ықпалдасуын кеңейтеді», — деді Әлихан Смайылов.