Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Қазақстандық оқушылар ұлттық тағамдармен тамақтанатын болады

Қазақстандық оқушылар ұлттық тағамдармен тамақтанатын болады

ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева өңірлерде шығарылған отандық өнімдерді пайдалана отырып, мектеп тамақтануына ұлттық тағамдарды енгізу – балалар денсаулығын сақтаудағы маңызды қадамдардың бірі екеніне сенімді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі “NewTimes.kz” АА-ға сілтеме жасап.

Бішкекте «Мектептегі тамақтану – жалпы дамудың бағыты» тақырыбында бірінші халықаралық форум өтті. Оған ТМД елдерінің өкілдері қатысты.

Министрлік Ұлттық салауатты тамақтану орталығымен бірлесіп, Астананың алты мектебінде «Ұлттық мектеп асханасы» пилоттық жобасын жүзеге асыруда. Жаңа үлгіде мектептегі тамақтану мәдениетін қалыптастыру бойынша кезең-кезеңімен шаралар кешені қарастырылған.

«Ұлттық мектеп асханасы» жобасы ұлттық тағам мәдениетін қалыптастыруға және мектептің ас мәзіріне 50 ұлттық тағамды енгізуге мүмкіндік береді. Бұл көп ғасырлық дәстүр бойынша жасалған мәзір, ежелден келе жатқан тәжірибенің нәтижесі», – деді Наталья Жұмаділдаева.

Биыл қыркүйек айынан бері 1,6 миллионнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтылды, оның ішінде 1,4 миллион бала 1-4 сынып оқушылары және 200 мыңнан астамы әлеуметтік осал топ санатындағы 5-11 сынып оқушылары.

“Сапалы тамақтануды ұйымдастыру мақсатында ҚР Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарындағы балалардың тамақтану нормаларын қайта қарады”, – деп жазылды бейінді министрліктің порталында.

Мектептерде тамақтану мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, санитарлық тазалық пен гигиенаны сақтау, дастархан сервировкасы және дұрыс тамақтануды насихаттау. Білім беру ұйымына жеткізілген барлық өнімдердің санитарлық дәрігерлерден қорытындылары болуы керек, ал тамақты бракеражды комиссиялар бақылайды. Олардың қатарында ата-аналар мен қамқоршылық кеңес, сонымен қатар мектеп әкімшілігі мен медицина қызметкерлері бар.

Форум қорытындысы бойынша қатысушылар мектептегі тамақтанудың тиімділігі мен сапасын арттыру жөнінде пікір алмасты.

 

 

 

 

Shares