Қазақстандықтар үй жануарларын декларацияламақ
Қазақстанда үй жануарлары мен мал декларацияланатын болады. Бірақ, аталған шара тек құны жоғары тіршілік иелеріне қатысты болмақ. Бұл туралы Қаржы министрі мәлімдеді, деп хабарлайды QZ media тілшісі “NewTimes.kz” АА-ға сілтеме жасап.
“Егер белгілі бір үйде жылқының немесе иттің қымбат тұқымы ұсталса, онда оларды бағалауға және декларанттың өтініші бойынша декларацияда көрсетуге болады”, − деді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті департаментінің директоры Нұржан Қуандықов.
Қоса кетейік, 2025 жылы елдің барлық азаматы, соның ішінде зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер мен студенттер өздерінің мүліктері мен кірістері туралы ақпарат беруге міндетті. Мұндай есептің соңғы кезеңі 6 миллионнан астам адамды қамтиды. Жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі аяқталды. Оның аясында бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері өз мүліктері жайлы ақпар ұсынды. Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараты бойынша, олардың арасында шетелдік банктерде шоттары мен шетелдерде жылжымайтын мүлкі бар адамдар да бар. Олардың активтері тіркелген елдің саны 50-ден асып отыр. Ал келесі жылы заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары мүліктерін декларациялайды.
“Біз құжатты қате толтырған барлық адамға да декларацияны қосымша тапсыруға мүмкіндік береміз. Ешкім оларға бірден айыппұл салмайды. Біздің міндетіміз – нарықта мөлдірлік орнату және көру. Көп адам сұрақ қояды. Кейбірін шенеуніктердің өмірі, іс-әрекеті қызықтырады. Олар өз мүлкін туыстарына, жақындарына, достарына және т.б. жазады. Осы үшін біз толық жағдайды көргіміз келеді”, – деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.