Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды
13 мамыр күні Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың азаматтық әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіруіне байланысты сот үкімі оқылды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі “NewTimes.kz” АА-ға сілтеме жасап.
Судья Айжан Құлбаева Қуандық Бишімбаевқа ҚР ҚК 110-бабы бойынша 7 жыл, ал 99-бабы бойынша 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғанын айтты. Жалпы алғанда, түпкілікті үкім бойынша 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Жаза қауіпсіздігі
максималды мекемеде өтеледі. Ал сот Қуандық Бишімбаевтың туысы-Бақытжан Байжановқа 4 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 9 қарашасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев зайыбын өлтірді деген күдікпен ұсталған болатын.
11 наурыз күні елордада бұрынғы мемлекеттік қызметшінің әйелін өлтіру туралы іс бойынша алдын ала тыңдау басталды, онда Қуандық Бишімбаев қасақана кісі өлтірмегенін алға тартып, өз кінәсін толығымен жоққа шығарды.
1 сәуір күнгі сотта ол Салтанаттың туыстары фактілерді бұрмалау үшін пиар-науқан ұйымдастырғанын мәлімдеді. 3 сәуір күнгі сот отырысында экс-министр қылмыс жасалатын түнде әйелімен болған оқиға жайлы өз нұсқасын айтты.
9 сәуір күнгі сотта мәйітке алғашқы сараптама жүргізген маман сөз алды. Ол Салтанат Нүкенованың денесін зерттеу кезінде анықталған және сипатталған зақымдану нүктелерін, аймақтарын атап өтті. 11 сәуірде атышулы іс бойынша екінші сотталушы — басты күдіктінің ағасы, сондай-ақ Салтанат Нүкенова қайтыс болған гастроорталықтың директоры Бақытжан Байжанов сөз сөйледі. Ол марқұмның туыстарынан кешірім сұрады және қайғылы күннің егжей-тегжейімен бөлісті.
29 сәуір күні тараптардың пікірталасы басталуы керек еді. Алайда, мемлекеттік айыптау тарапының екінші сотталушы Бақытжан Байжановқа қатысты сот тергеуін қайта қарау туралы өтінішіне байланысты процесс 2 мамырға дейін кейінге қалдырылды.
Бишімбаевтың анасы ұлын “ескі Қазақстан” үшін жазаламау керек деп санайды.