Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Жаңа жыл, сыйлық және бөліп төлеу: қаншалықты қажет?

Жаңа жыл, сыйлық және бөліп төлеу: қаншалықты қажет?

Жаңа жыл қарсаңында қазақстандықтар жаппай сыйлық алады. Арасында бөліп төлеу мүмкіндігін пайдаланатындар бар. Бұл –  пайызсыз болса да кредит! Осыны есте ұстаған жөн, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі NUR.KZ. сілтеме жасап.

Бөліп төлеудің басты артықшылығын айттық. Тағы да баяндайық. Оның несиелерден басты айырмашылығы – пайыздың жоқтығы. Бөліп төлеуді рәсімдеу кезінде сатып алушылар бүкіл төлемді бірнеше бөлікке бөліп тастайды.

Fingramota порталы атап өткендей, бөліп төлеу артық төлемнің болмауынан басқа да артықшылықтарға ие:

  • ешқандай құжаттарды жинамай-ақ рәсімдей аласыз – банктің мобильді қосымшасына кіру жеткілікті;
  • ресімдеу кезінде кепілгерлер мен кепіл қажет емес;
  • несие тарихы есепке алынбайды немесе бұл тұста қойылатын талаптар несиелерді рәсімдеуге қарағанда әлдеқайда төмен – банктер мұндай қарыздарды мақұлдауға дайын.

Бөліп төлеудің барлық артықшылықтарына қарамастан, оны рәсімдеу кезінде мұқият болу керек. Әсіресе, Жаңа жыл мерекесінде. Қазір елдің көп тұрғыны жаңа жылға дайындалып, достары мен жақындарына сыйлықтар сатып алады.

Аңқау адамдарды пысықай сатушылар сан соқтыруы мүмкін. Олар тауарлардың бағасын алдын-ала көтеріп, бөліп төлеу бойынша ұсынуы мүмкін. Нәтижесінде сатып алушы артық төлейтінін аңғармай қалады. Сондықтан, жеті рет өлшеп, бір рет кескен абзал.

Пайыз бен артық төлемнің болмауы импульсивті шығындарға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, шарттарды мұқият оқып, зерделеу аса маңызды – арамза сатушылар сатып алушыға бөліп төлеу мүмкіндігін ұсынған болып, кредит рәсімдеуі де мүмкін.

Сонымен қатар, егер сіз кезекті төлемді уақытында жасамасаңыз, онда бөліп төлеу автоматты түрде тұтынушылық несиеге айналатынын, яғни өсімпұлдар мен айыппұлдар “тамшылай” бастайтынын білген жөн. Яғни, бөліп төлеу шарттары бұзылса, тұлғаға жауапкершілік қарастырылған.

Қысқасы, жаңажылдық шопингке кіріспес бұрын, қазақстандықтар бөліп төлеудің барлық артықшылықтары мен кемшіліктерін саралап алу керек. Өйткені, пайызсыз қарыздың өзінде ай сайынғы төлем тым көп болуы мүмкін. Ұмытпаңыз, сіз бөліп төлеуден де бас тарта аласыз. Егер сыйлыққа ақша жетпесе, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында  қосымша жеңіл жұмыспен айналысқан жөн. Бұл пайызсыз несиеге қарағанда әлдеқайда тиімді болуы мүмкін.

Shares