Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » 2025 жылы Қозыбаев университетінің 40 студенті Америкаға оқуға барады

2025 жылы Қозыбаев университетінің 40 студенті Америкаға оқуға барады

Қозыбаев университеті мен Аризона университеті арасындағы қос дипломды және бірлескен халықаралық білім беру бағдарламалары бойынша ынтымақтастық 2022 жылы басталды. Осы кезеңде екі жоғары оқу орнының басшылығы мен командасы айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“Ынтымақтастықтың басында 9 білім беру бағдарламасы болды, бүгінде оның саны 16-ны құрайды. Бізді таңдайтын ҰБТ ұпайлары жоғары және дайын IELTS немесе Duolingo сертификаттары бар студенттер саны артты. Бағдарламалар бойынша еліміздің 15 облысынан және республикалық маңызы бар 3 қаладан келген студенттер оқиды. Студенттердің жалпы саны шамамен 544 адамды құрайды (1 курсты есептемегенде). 171 студент – қос дипломды бағдарламалар, ал 373 студент бірлескен халықаралық білім беру бағдарламалары бойынша оқиды”, – деді Қозыбаев университеті жобалық кеңсесінің аймақтық менеджері Қайрат Сапаров.

Спикер қос дипломды бағдарламалар 3 бағыт бойынша жүзеге асырылатынын да түсіндірді: IT, биотехнология, инклюзивті білім беру. Ал халықаралық білім беру бағдарламалары 8 бағыт бойынша жұмыс істейді: биотехнология, IT, инклюзивті білім беру, химиялық сараптама, өсімдіктер туралы ғылым және технология, электроника және телекоммуникация, астрономия, бизнес және менеджмент.

“Рекрутинг Қазақстанның барлық ірі қалалары бойынша жүргізілуде. Біз мектептерге барамыз. Онда американдық диплом алу мүмкіндіктері жайлы сөйлесеміз. Сондай-ақ, жарнама біздің университеттің веб-сайты және Instagram арнасы арқылы белсенді түрде жүргізілуде. Осы жылдан бастап ниет білдірген қазақстандықтар мен басқа да елдердің азаматтары ақылы негізде оқуға түсе алады”, – деді Қайрат Сапаров.

Айта кетерлік жайт, студенттер Аризона университетіне бір семестрге оқуға жіберіледі. Барлық шығындарды СҚО ЖОО өз мойнына алады.

“2025 жылы Америкаға IT және биотехнология бағдарламалары бойынша 40 студент оқуға барады. 2026 жылы IT, биотехнология және инклюзивті білім беру бағдарламалары бойынша 131 студент барады”, – деді Қозыбаев университеті жобалық кеңсесінің менеджері.

Shares