Ақжар ауданының әкімі ауыл тұрғындарының жайлылығы үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты
2023 жылы Ақжар ауданында жол саласы бойынша 10 жобаны іске асыруға 2701,6 млн теңге бөлінді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында аудан әкімі Қанат Қалиев мәлімдеді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Биыл жергілікті билік ауданның жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша тағы да бірқатар жобалар әзірледі. Мысалы, 2024 жылы ұзындығы 26 шақырым болатын “Бостандық – Кеңащы” аудандық маңызы бар жолына орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Жобаның құны – 1 472 млн теңге.
“Ленинград – Айсары” автомобиль жолын ағымдағы жөндеуге техникалық құжаттама бар. Облыстық маңызы бар жолдарға да назар аударылады. Аудан әкімінің айтуынша, Ленинград және Алқатерек ауылдары арасындағы “Казгородок – Горьковское” автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары басталды. Осы жобаларды іске асыру ауданның әлеуметтік саласы мен экономикасының дамуына жаңа серпін береді. Қазір бұл жобаларды уақтылы және сапалы аяқтау міндеті тұр. Қанат Қалиев басқа да бағыттар туралы айтты.
“Аудан халқының сапалы ауыз суға қол жеткізу деңгейі 100% құрайды. Бірақ орталықтандырылған топтық сумен жабдықтау – 87%. Ол Айсары, Ақсай және Тұғыржап ауылдарында жоқ. 2024-2025 жылдары орталықтандырылмаған ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда: 2024 жылы – Айсары ауылы, 2025 жылы – Ақсай және Тұғыржап ауылдары. 2023 жылы сумен жабдықтау саласында 1 жоба іске асырылуда. Бұл – сыйымдылығы 100м3 болатын Талшық ауылында су қысымы мұнарасын орнату. Тапсыру мерзімі ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланған”, – деді Ақжар ауданының әкімі.
Жылуға келетін болсақ, 2021 жылы Талшық ауылында қуаты 10,5 Гкал болатын орталық қазандық іске қосылды. Ол 14 әлеуметтік мәдени нысанды және 16 көпқабатты үйді жылытады. Биыл аудан орталығында жылу желілерін салу бойынша жобаны іске асыру басталады. Жоба 2024 жылға ауысады.