Барлық туристер жауапкершілік таныта бермейді: Айыртау ауданының жастары Шалқар көлінің жағасын тазалады
Айыртау ауданында өңірдің ең көрікті әрі танымал су айдындарының бірі — Шалқар көлінің жағалау аумағын тазарту мақсатында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтті, деп хабарлайды QZ News.
Іс-шараға «AMANAT» партиясы аудандық филиалының белсенділері, Жастар ресурстық орталығы мен жергілікті еріктілер қатысты. Олар бірлесіп, көл жағалауында демалушылардан қалған пластик бөтелкелерді, орама қалдықтарын және басқа да тұрмыстық қоқыстарды жинап шықты. Айта кетейік, Шалқар көлі – жаз мезгілінде тек Солтүстік Қазақстан тұрғындары ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен келетін қонақтар үшін де танымал демалыс орны.
– Жазғы маусымда Шалқарға келушілердің саны артады. Өкінішке қарай, барлық туристер экологияға жауапкершілікпен қарамайды. Сондықтан да біз жағалау аумағына назар аударуды жөн көрдік. Бұл – жай ғана демалыс орны емес, табиғаттың бірегей байлығы. Оған ұқыпты қарау — әрбір азаматтың міндеті, – деді «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әсет Қожахметов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл акция бір реттік емес. Ол тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Белсенділер алдағы уақытта Айыртау ауданының басқа да табиғи нысандарында осындай іс-шараларды жалғастыруды жоспарлап отыр.