«Егістік алқабындағы жұмыс»: Kozybayev University Қытайдың аграрлық университетімен әріптестікті нығайтуда
Петропавл қаласында Kozybayev University қабырғасында Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің делегациясы қабылданды. Университет басшылығымен кездесуде профессор Чжан Чжэнмао сапар мақсаты «егістік алқабындағы жұмыс» болатынын атап өтті. Бірлескен Агротехнопаркте тәжірибелік алаңдар жасау, селекция бағыты бойынша жұмысты жалғастыру, бұған дейін бірге себілген егістік алқабын аралау жоспарлануда, деп хабарлайды QZ News Kozybayev University медиа орталығына сілтеме жасап.
– Біз көптен бергі серіктеспіз. 8 жылдық ынтымақтастық барысында университеттер арасындағы байланыс нығая түсті. Қазір Қытайдың Шэньси провинциясы мен Солтүстік Қазақстан облысы бауырлас өңірлерге айналды. Бұл байланыстарды дамытуға жол ашуда. Бізде бірлескен демонстрациялық алаң бар, академиялық жұмыс жүргізіліп, студенттер алмасуы қарқынды жүруде. Ендігі мақсатымыз – аграрлық технопарк, мал шаруашылығы және су ресурстары салаларында ынтымақтастықты тереңдету, – деді профессор Чжан Чжэнмао.
Университетке сондай-ақ «Бір белдеу – бір жол» бастамасының ауыл шаруашылығы орталығының директоры, профессор Чэнь Лян мен Шэньси радио және телевидение медиа тобы келді.
– Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қарым-қатынастарға, мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің қолдауына байланысты біз бірлесіп ғылыммен айналысуға, идеялармен алмасуға және университеттеріміз арасындағы достықты нығайтуға мүмкіндік алып отырмыз. Былтыр ғана СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Шэньси провинциясына сапармен барып, сол өңірдің губернаторымен кездесіп, ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Біз Білім және ғылым министрі Саясат Нұрбекпен тұрақты түрде кездесіп, ол біздің ынтымақтастықтың даму барысы, қандай бірлескен зерттеулер жүргізіліп жатқаны туралы үнемі сұрап отырады. Осындай қолдаудың арқасында қазіргі уақытта Kozybayev University базасында қазақстан-қытай Аграрлық құзыреттер орталығын құру бастамасы қарастырылуда. Бұл орталық өңір кәсіпорындарына қолдау көрсетіп, олардың сұранысына сай зерттеулер жүргізетін болады. Мұндай үшжақты ғылыми жобалардың (Kozybayev University – СЗУСЛХ – агрокәсіпорындар) нәтижелері өндіріске енгізіледі, – деді Басқарма төрағасы – Ректор Ербол Исақаев.
Қазірдің өзінде өсімдіктер биотехнологиясы және мал шаруашылығы бағыттарында бірлескен зертханаларда белсенді жұмыс жүргізілуде, вируссыз тұқым шаруашылығы мен генетика салаларында зерттеулер жасалуда.
Аризона университетімен үшжақты келісім жасалып, Су ресурстары орталығы құрылуда. Жыл сайын студенттер мен оқытушылар Қытайда білім алып, тағылымдамадан өтеді. Қазіргі уақытта екі оқытушы СЗУСЛХ-да докторантурада, екі студент академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алуда, ал алты қытайлық магистрант бізде оқып жатыр. Жалпы, серіктестік аясында 30-дан астам студент пен 10-ға жуық оқытушы М.Қозыбаев атындағы СҚУ базасында немесе Қытайдағы серіктес университетте оқудан өткен.