Петропавлдағы НЗМ-де отбасылық бильярд турнирі өтті

Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қызықты жарыс – бильярдтан жұптық турнир өтті. Оған мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарынан құралған 20 команда қатысты, деп хабарлайды QZ News.
НЗМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс-шараның басты мақсаты – отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайту, командамен жұмыс істей білу дағдысын дамыту және мектеп қауымдастығында жағымды, достық ахуал қалыптастыру болды.

Турнир ұйымдастырушылары бильярд тек қызықты спорт түрі ғана емес, сонымен қатар отбасы мүшелерінің бірге уақыт өткізіп, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтатын тамаша мүмкіндік екенін көрсетуді көздеді.

«Петропавл НЗМ әкімшілігі турнирге белсене қатысқан барлық қатысушыларға шынайы алғысын білдіреді. Әсіресе демалыс күнінде уақыт тауып, мектеп пен балаларының бастамасын қолдаған ата-аналарға зор ризашылық білдіреміз. Турнирдің сәтті өтуіне кәсіби біліктілігімен, әділдігімен және тұрақты қолдауымен үлес қосқан бас төреші Ризабек Жазитовичтің еңбегі ерекше», – делінген хабарламада.
