Есіл ауданындағы Корнеев аумағын сумен жабдықтау туралы Мереке Мұхамедияров айтты
Есіл ауданында сумен қамту туралы СҚО ӨКҚБ брифингінде аудан әкімі Мереке Мұхамедияров айтты, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Ауданда 18900 адам тұратын 32 ауыл бар. 88% сапалы сумен қамтамасыз етілген. 2300 адам тұратын 21 ауылда халық құдықтан су ішеді. Ағымдағы жылы Амангелді ауылын Преснов топтық су құбырына қосу бойынша жұмыстар орындалды, жобаның құны 11 млн теңгеден асады. Леонидовка ауылында модульдік кешенді блогты орнатуға облыстық бюджеттен шамамен 9 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді.
“Ауданның Корнеев аумағындағы халқын сумен қамтамасыз етуде проблемалар бар. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында “Солтүстік Қазақстан облысында 3 кезектегі Преснов топтық су құбырын салуға” жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау бойынша жұмыс жүргізілді. Жобаны іске асыру арқылы ауданның 6 мыңнан астам тұрғыны таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Жобада ұзындығы 157 км болатын су құбырын салу және 13 ауылға бұру көзделген. Оның ішінде таза ауыз сумен 8 ауыл қамтамасыз етіледі”, – деп атап өтті аудан әкімі.
Пресновка топтық су құбырын іске асыру кезінде 2025 жылға дейін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 20,7 мыңды құрайды. Бұл – халықтың 97,6%. 2025 жылдың қыркүйегіне дейін аудан халқының 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.