Лобанов ауылдық дәрігерлік амбулаториясы 1,5 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді
Өткен жылдың желтоқсан айында Айыртау ауданына қарасты Лобанов ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды. Соның арқасында соңғы 6 айдың ішінде мұнда көптеген адам медициналық көмек алған. Бүгінде медициналық нысан Лобаново, Шалқар, Альжан және Заря ауылдарының 1600 тұрғынына көмек көрсетеді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Амбулатория 400-ден астам балаға және 300-ге жуық зейнеткерге де қызмет көрсетеді. Бір ауысымда пункт 15 адамды қабылдай алады. Онда 2 төсек-орындық стационар бар. Сондай-ақ, медициналық бригаданың шығуы да ұйымдастырылған. Жалпы, амбулаторияда 16 кабинет бар. Олардың бірі дәріхана пункті ретінде қарастырылған.
Дәрігерлік амбулаторияда инфекциология, кардиология, офтальмология, педиатрия, гематология, пульмонология және т.б. салаларда тексеруге арналған қажетті жаңа аппараттар бар. Қазір медициналық нысан қажетті кадрлармен толық қамтылған. Ауыл тұрғындарына көмек көрсету үшін жалпы тәжірибелік дәрігер, фельдшер, акушер, медбике және әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Жергілікті тұрғындар жаңа медициналық нысанның ашылуына дән риза екенін жеткізді.
«Бұған дейін дәрігерге тексерілуге бара қоймайтынмын. Себебі, ауылда дені дұрыс амбулатория болған жоқ. Қазір ешқайда барудың қажеті жоқ. Барлығы осы жерде орналасқан. Жаңа заманауи аппараттар да баршылық. Медбикелер білікті мамандар. Олар сапалы медициналық көмек көрсетеді», – деді Лобанов ауылының тұрғыны Наталья Мартынова.
Бұл нысанның құрылысына 282 миллион теңге жұмсалды. Ол «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы және «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынды. Осындай дәрігерлік амбулатория бүгінде Жамбыл ауданының Кладбинка ауылында да жұмыс істейді. Өткен жылы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының жол картасы аясында өңірде барлығы 8 медициналық нысан тұрғызылған.
«Бұдан басқа спорт нысандары да салынып жатыр. Өткен жылы Саумалкөл, Пресновка, Явленка және Новоишимовское ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынды. Сондай-ақ, Тайынша, Сергеевка және Талшық ауылында хоккей корттары мен 6 шағын футбол алаңы тұрғызылып пайдалануға берілді», – деді «AMANAT» партиясының СҚОФ ұйымдастырушылық-бақылау бөлімінің меңгерушісі Әсемгүл Қалиева.