Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Педагогикалық идеялар байқауына Солтүстік Қазақстан облысынан 83 мұғалім қатысты

Педагогикалық идеялар байқауына Солтүстік Қазақстан облысынан 83 мұғалім қатысты

Петропавл қаласындағы Әлихан Бөкейханов атындағы No25 мектеп қабырғасында «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық байқауының облыстық кезеңі өтуде. Зияткерлік сайысты «Қызылжар дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы өткізеді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Байқауға облыстағы білім беру ұйымдарынан 83 мұғалім қатысып жатыр. Бұл мектеп әкімшілігінің өкілдері, педагогтар, балабақша тәрбиешілері, психологтар, логопедтер, әлеуметтік педагогтар, дефектологтар, педагог қызметкерлер мен қосымша білім беру әдіскерлері, оқу-әдістемелік орталықтардың мамандары.

«Байқауда қатысушылар Tedx форматында педагогикалық идеяларын ұсынады. Байқаудың мақсаты – педагогтардың шығармашылық өзін-өзі жүзеге асыруы мен кәсіби өсуін ынталандыру, Қазақстандағы білім беру ұйымдарының басшылары мен мұғалімдерінің инновациялық тәжірибесін зерделеу және насихаттау. Байқау 11 бағыт бойынша өтуде», – дейді «Қызылжар дарыны» орталығының директоры Бақыт Габдуллина.

Жамбыл ауданынан келген Светлана Герасименконың педагогикалық өтілі 33 жыл. Ол Украинка орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейді.

«Біздің мектептерде отансүйгіштікке тәрбиелеуге көп көңіл бөлінеді. Оны сабақтан тыс уақытта балаларда ойын түрінде дамыту туралы идеяны ұсынамын. Балалар ойынға қызығушылықпен қатысады, олар Қазақстанның көрікті жерлерімен танысады. Балаларға өте ұнайды, олардың туған жерге деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігі артады. Мен байқауларға қатысқанды қатты қаламаймын, бірақ өз идеяларыммен бөліскім келді», – дейді Жамбыл ауданындағы Украинка орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Светлана Герасименко.

Байқау жеңімпаздары 2025 жылдың қаңтарында Алматы қаласында өтетін республикалық кезеңде Солтүстік Қазақстан облысының атынан қатысады.

Shares