Петропавлда 500-ге жуық маман мектепке дейінгі ұйым педагогтарының халықаралық форумына қатысуда
Петропавлдағы Оқушылар сарайында мектепке дейінгі ұйым педагогтарының «Бала шақтан – болашаққа» атты бірінші халықаралық форумы өтуде. Оның жұмысына еліміздің түрлі облыстарынан келген 500-ге жуық адам және Ресей мен Белоруссияның білім беру саласының өкілдері қатысуда, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
“Форумға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мектепке дейінгі білім беру департаментінің, Балаларды ерте дамыту институтының өкілдері қатысуда. Форум жұмысына Беларусь пен Ресей Федерациясының өкілдері онлайн режимде қосылады. Біз М.Жұмабаев атындағы жоғары колледж бен Қозыбаев университетінің мамандарын шақырдық. Талқылаудың басты тақырыбы – мектепке дейінгі ұйымдарда жұмыс істеу үшін тәрбиешілерді даярлау. Форум қарсаңында педагогтардың сабақтастығы, балалармен тәрбие жұмысы бойынша төрт сессия өтті, 400 мақала дайындалды. Бүгін біз қатысушыларға түрлі наградалар тапсырамыз”, – деді СҚО білім беру саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры Роза Сәркен.
Сонымен қатар, форум аясында көрме өтіп, онда мектепке дейінгі ұйымдардың өкілдері өздерінің әзірлемелерін, оқу және әдістемелік құралдарын көрсетті, бір-бірімен тәжірибе алмасты.