Облыс әкімі су тасқынына қарсы шараларға қатысқан полицейлер, әскерилер мен курсанттарды марапаттады

Петропавлда жуырда орын алған су тасқыны кезінде ерлік пен жанқиярлық танытқан полицейлерді, курсанттар мен әскери қызметшілерді салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Олар алғашқылардың бірі болып көмекке келіп, бөгеттерді бекітіп, тұрғындарды эвакуациялаумен айналысты, деп хабарлайды QZ News.
Бұл батыр жандар тәулік бойы тынымсыз еңбек етіп, зардап шеккендерге қол ұшын созды. Қорғаныс нысандарын нығайтып, халықтың мүлкін аман алып қалуға атсалысты. Олардың табандылығы мен жанқиярлығы нағыз ерліктің үлгісіне айналды. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов олардың ерлігі мен елге деген адалдығы үшін алғысын білдірді. Бұл – табиғат апатына қарсы күрестегі баға жетпес еңбектеріне деген терең ризашылықтың белгісі болды.

«Отанға қызмет ету – ата-бабамыз аманаттаған қасиетті борыш. Ғасырлар бойы батырларымыз тәуелсіздік жолында жанын пида етті. Бүгінде сол жолды жалғастыра отырып, басты мақсатымыз – заң мен тәртіпті ту еткен қауіпсіз әрі әділетті Қазақстанды құру», – деді өңір басшысы.

Марапатталғандардың қатарында Қызылжар аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік инспекторы, 2007 жылдан бері ІІМ органдарында қызмет етіп келе жатқан Айдар Шайменов те бар.
«Бүгінгі салтанатты жиында мен “Ішкі істер үздігі” төсбелгісімен марапатталдым. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Су тасқыны кезінде біз тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың үйлерін күзеттік. Бұл оңай болған жоқ, бірақ біз бар күшімізді салып, азаматтарға көмектестік», – дейді Айдар Шайменов.

Сондай-ақ, марапатталғандардың бірі – ҚР Ұлттық ұланы академиясының 1-курс курсанты Нұғман Тұрсынов. Бұл – оның осындай ауқымды оқиғаға алғаш қатысуы болған.
«Бұл өте ауыр кезең болды, бірақ мен маңызды бір істің басында тұрғанымды сезіндім. Біз тоқтаусыз жұмыс істедік, адамдарға көмектестік. Бұл мен үшін баға жетпес тәжірибе. Осы арқылы біздің еңбегіміздің маңыздылығын және бірге көп нәрсеге қол жеткізе алатынымызды түсіндім», – дейді курсант.
Тасқынға қарсы күреске атсалысқандардың бірі – ҚР Ұлттық ұланының 6637 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі сарбазы Арсен Жолдасбек. Ол күндіз-түні бөгеттерді бекітуге көмектесті.
«Бүкіл ауылдардың қауіпсіздігі мен адамдардың өмірі таразы басында тұрғанын түсіндік. Әрбір құм салынған қап, әр минут маңызды еді. Біз жай ғана азаматтық борышымызды атқардық», – дейді Арсен Жолдасбек.

