Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Петропавлда алғашқы жайлы мектеп қолданысқа берілді

Петропавлда алғашқы жайлы мектеп қолданысқа берілді

Петропавлда «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған алғашқы оқу орнының салтанатты ашылуы өтті. Мердігер «ASTI» ЖШС болып табылады. Жаңа форматтағы мектеп дамып келе жатқан «Орман» шағын ауданында орналасқан. Жақын маңдағы мектептердің оқушылары бір ауысымдағы 600 орынға есептелген жаңа мектепке ауыстырылды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Мектептің салтанатты ашылуына облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, жаңа білім беру мекемесінің маңыздылығын атап өтті.

“Облыста алғашқы жайлы мектеп ашылды. Аймақ үшін бұл маңызды оқиға саналады. Мұндай оқу орындары Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ашылуда. Мектеп заманауи қондырғылармен жабдықталған”, – деп атап өтті СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

«Орман» шағын ауданының тұрғындары мектептің ашылуын асыға күтті. Қаланың бұл бөлігі әлі дамып келеді, сондықтан оқушылар үйірмелер мен секцияларға қатысу үшін Петропавл қаласының орталығына барып жүрді. Енді олай істеуге тура келмейді.

“Мектепте 40 педагог жұмыс істейді. 104 оқушы № 16 орта мектептен, 100-ден астам бала «Бірлік» шағын ауданынан, қалған балалар кейбір қалалық мектептерден көшті. Мектеп бізде аралас тілде оқытылады. Бүгін бізде 18 сынып-жинақ қалыптастырылды”, – деді мектеп директоры Гүлжан Жақанова.

Жайлы мектепте сапалы білім алу және балалардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған.

«Ерекше балаларға арналған пандустар, лифттер, арнайы дәретхана бөлмелері салынды, инклюзивті білім беру кабинеті жабдықталды», – деді педагог-логопед Сәуле Әбдірахманова.

Жайлы мектеп алдыңғы қатарлы STEM-зертханамен, робототехника кабинетімен, хореографиялық залмен, демалыс және нетворкинг аймақтарымен жабдықталған. Жаңа мектептің әр қабатында ауыз су бұрқағы орнатылған. Сондай-ақ, оқушылардың өз шкафтары бар.

“Мектепте 4 шеберхана ашылды. Олар көрнекі өнерді, сәндік-қолданбалы шығармашылықты, үй мәдениеті мен тамақтануды үйретуге, дамытуға бағытталған. Мұнда қыздар мен ұлдарға арналған сыныптар бөлінеді. Жастар арамен кесуді, құрылыс жүргізуді, металмен жұмыс істеуді үйренеді, модельдеу бойынша сыныптан тыс сабақтар өтеді”, – деді еңбек мұғалімі Бегалы Сәткенов.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл Петропавлда екі білім беру нысанының құрылысы жоспарланған. Береке шағын ауданында 600 орындық тағы бір оқу орнының құрылысы аяқталуда. Мердігер «Единство» ЖШС болып табылады.

Shares