Петропавлда басталған республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде 420 оқушы бақ сынауда
Петропавл қаласында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі ұйымдастырылды. Білімді жастардың интеллектуалдық сайысы үш бірдей білім беру алаңында өтуде, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
“Олимпиада Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық гимназия-интернатында, “ЛОРД” дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында, “Білім-Инновация” мамандандырылған лицей-интернатында өтуде. Бұл ауылды жердегі оқушыларға ұсынылған мүмкіндік. Топ жарған балалар жалпыреспубликалық олимпиадаға қатысу үшін квота алады, еліміздің жоғары оқу орындарына грант иеленеді. Үш мыңнан астам оқушы облыстық кезеңге жолдама алу үшін аудандарда іріктеуден өтті”, – деді СҚО білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова.
Қоса кетейік, 9-11 сынып оқушылары арасындағы екі күндік олимпиаданы «Қызылжар дарыны» дарынды балалар мен дарынды жастарды анықтау және қолдау орталығының мамандары ұйымдастырды. Оқушылар олимпиадалық тапсырмаларды қағаз түрінде орындайды. 420 оқушы өз білімдерін тексереді.