Петропавлда бөлшек салық мөлшері 4% 3-ке түсті
19 наурыз күні облыс орталығында қалалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Оның қатысушылары Петропавлдағы бөлшек сауда салығын төмендетуге мүмкіндік беретін жобаны бекітті, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Қала әкімдігінің кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің ақпараты бойынша, Солтүстік Қазақстан облысы әкімі орынбасарының 2024 жылғы 1 наурыздағы хатына сәйкес бөлшек салық мөлшерлемесін 4%-дан 3%-ға дейін төмендету ұсынылды.
“Бөлім “Ашық үкімет” сайтындағы “Ашық НҚА” бөлімінде шешім жобасын жариялау бойынша жұмыс жүргізді. Бұл шешім жобасы ағымдағы жылдың 1-18 наурызы аралығында қаралды, жоба талқылау рәсімінен өтті. Ғайрат Сапарғалиев атындағы мемлекет және құқық ғылыми-зерттеу институтынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындысы, кәсіпкерлер палатасы мен 4 қауымдастықтың – Фармацевтикалық ұйымдар қауымдастығы, Құрылысшылар қауымдастығы, Автокөлік одағы, Зергерлер қауымдастығынан сараптамалық қорытындылар алынды. Сондай-ақ, жоба қала әкімдігінің ресми сайтында жарияланды. Осыған байланысты, одан әрі жұмыс істеу үшін шешім жобасын күн тәртібіне шығарамыз”, – делінген кеңесте.
Талқылау қорытындысымен Петропавл қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Сайран Хамза бөлісті. Ол видео түсіріп, Instagram парақшасына салды.
“Кәсіпкерлік бөлімінің бөлшек салықты 4-тен 3%-ға дейін төмендету туралы жобасын мақұлдады. Бұл, әрине, 2% емес. Дегенмен, бұл біздің кішкентай жеңісіміз! Барлық рестораторларды, барлық кәсіпкерлерді осы жақсы жаңалықпен құттықтаймын”, – деді Сайран Хамза.
Бөлшек салықтың арнайы салық режимі ретроспективті түрде енгізіліп, 2023 жылдың басынан бастап қолданылады. Ол жұмыскерлерінің саны 200 адамнан аспайтын, ал табысы күнтізбелік жылға 2,1 млрд теңгені құрайтын кәсіпкерлерге қолданылады. Бөлшек салық Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған 364 қызмет түрінің біреуін немесе бірнешеуін ғана жүзеге асыратын бизнес субъектілеріне қарастырылған. Олардың ішінде бөлшек сауда, автомобильдерді, киім-кешек пен жиһазды жөндеу, ағаш ұстасы, сырлау және сылау жұмыстары, такси қызметтері, қоғамдық тамақтану және т. б. бар.