Петропавлда дарынды балаларға мамандандырылған мектептерге түсу үшін құжаттарды қабылдау басталды
2024 жылдың 1 ақпанынан бастап дарынды балаларға мамандандырылған мектептерге түсу үшін құжаттарды қабылдау басталды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Петропавл қаласында осындай 4 білім беру мекемесі жұмыс істейді: «Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты» КММ, «Облыстық дарынды балаларға мамандандырылған «БІЛІМ – ИННОВАЦИЯ» лицей – интернаты» КММ, Ермек Серкебаев атындағы «Өнер колледжі-музыкалық -эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп – интернат» кешені» КММ, «ЛОРД» дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернаты» КММ.
Құжаттарды қабылдау туралы ақпарат білім басқармасының, білім беру ұйымдарының интернет-ресурстарында орналастырылды.
«Оқуға түсу үшін конкурсқа қатысуға құжаттарды қабылдауға келсек, «Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты» КММ 5-сыныпқа квота – 18, 7-сыныпқа квота – 16 оқушы. «ЛОРД» дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернаты» КММ-де 5-сыныпқа квота – 50 оқушы. Қабылдау ақпанның 1 мен сәуірдің 15 аралығында жүргізіледі. Құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін әрбір мамандандырылған білім беру ұйымының жауапты тұлғасы конкурсқа қатысу үшін үміткерлердің электрондық базасын тест материалдарын қалыптастыру үшін «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығына береді. 7-сыныпқа түсуші – 75 сұраққа, ал 5-сыныпқа қабылданушы 40 сұраққа жауап береді»,- деді СҚО білім басқармасының бас маманы Алмагүл Оспанова.
«Облыстық дарынды балаларға мамандандырылған «БІЛІМ – ИННОВАЦИЯ» лицей – интернаты» КММ 7-сыныпта оқу үшін конкурстық іріктеуге қатысу үшін 6-сынып оқушыларын тіркеу 1 ақпанда басталып, 12 сәуірге дейін жалғасады.
«Облыстық дарынды балаларға мамандандырылған «БІЛІМ – ИННОВАЦИЯ» лицей – интернаты» КММ оқуға қабылдау қағидаларында 2024 жылы мынадай өзгерістер енгізілді: конкурс бұрынғыдай 2 емес, 1 турда өткізіледі. Іріктеу туры 12 мамырда барлық аудан орталықтарында және Петропавл қаласында өтеді. Тестілеуде 60 сұрақ бар. 52 адамды қабылдау жоспарлануда. Мамандандырылған білім беру ұйымдары «Мың бала» ауылдық мектептер оқушыларына арналған Ұлттық зияткерлік олимпиаданың жеңімпаздары үшін 7-сыныпқа қабылданатын білім алушылардың жалпы санының 10% мөлшерінде квота бекітеді. Жеңімпаздар жалпы конкурстан тыс қабылданады. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін қабылданатын білім алушылардың жалпы санының 15% мөлшеріндегі квота да бар»,- деді Алмагүл Оспанова.
Ермек Серкебаев атындағы «Өнер колледжі-музыкалық -эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп – интернат» кешені» КММ да оқушыларды қабылдайды. Қабылдау комиссиясы өз жұмысын жыл сайын 1-20 маусым аралығында бастайды. Құжаттарды қабылдағаннан кейін қабылдау емтихандары тағайындалады.
«ЛОРД» дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернаты» КММ 1 сыныпқа – 25 баланы қабылдау жоспарлануда. Алдын ала жазылу 1 ақпанда басталып, 29 наурызға дейін жалғасады. Конкурстық іріктеу ағымдағы жылдың 26 наурызынан 29 наурызына дейін жоспарланған. «Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты» КММ 1 сыныпқа – 24 бала қабылдау жоспарлануда. Өтініштерді қабылдау ағымдағы жылғы 1 мамырдан 31 мамырға дейін жүргізіледі. Конкурстық іріктеу ағымдағы жылғы 5 маусым – 7 маусым аралығында жоспарланған»,- деді білім басқармасының бас маманы.