Петропавлда Гүлмира Кәрімованы еске алуға арналған мемориалдық тақта ашылып, педагогикалық байқау өтті
Петропавл қаласындағы №17 Ұлттық жаңғыру мектеп-кешенінде дарынды педагог әрі мемлекет қайраткері Гүлмира Райынбекқызы Кәрімованы еске алуға арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуы өтті. Сонымен қатар оның құрметіне «Ұстаз есімі – ұлық, өшпесін ұстаз есімі» облыстық педагогикалық байқау ұйымдастырылды, деп хабарлайды QZ News.
Мемориалдық тақта Гүлмира Кәрімова үш жыл директор қызметін атқарған мектеп ғимаратына орнатылды. Ашылу салтанатында әріптестері, оқушылары және қонақтар оның кәсіби жетістіктері мен ерекше адами қасиеттерін тебіреніспен еске алды.
Еске алу іс-шарасы 2023 жылы Гүлмира Кәрімованың еңбегін ұлықтау мақсатында бастау алған бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған облыстық байқаудың екінші маусымы аясында өтті. Биылғы байқауға 13 педагог қатысып, үш кезеңнен өтті: өзін таныстыру, ашық сабақ өткізу және ата-аналар жиналысы туралы бейнеролик ұсыну. Байқау кезеңдері №17 және №8 мектептер базасында өтті.
Байқауда ұсынылған үздік педагогикалық тәжірибелер алдағы семинарлар мен конференцияларда қолданылатын болады. Қатысушылар жарыс рухына қарамастан, басты марапат – ұлағатты ұстаздың есімін ұлықтау мен кәсіби тәжірибе алмасу мүмкіндігі екенін атап өтті.