Петропавлда өшірілмеген темекі салдарынан ер адам қайтыс болды
Солтүстік Қазақстан облысы аумағында жыл басынан бері 303 өрт оқиғасы болды, оттан 23 адам қаза тапты, 35 азамат жарақат алды. Ал улы газбен улану салдарынан 5 адам қаза тауып, 22 адам жарақат алды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында СҚО ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Растихин мәлім етті, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Ведомство басшысының орынбасары кездесуде Жұмысшы кентіндегі үш адамның өмірін қиған қорқынышты өрт туралы, сондай-ақ тағы бір адам өлімі туралы айтып берді.
“Петропавлда 7 қазанда “Ракета” бақша қоғамында саяжай үйінде өрт шықты. Өрт орнында 1953 жылы туған ер адамның (үй иесімен бірге тұратын адам) жанып кеткен мәйіті табылды. Өрттің ауданы 25 шаршы метрді құрады. Өрттің себебі – отқа немқұрайлы қарау”, – деді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Растихин.