Петропавлда ұрып-соғу белгілері бар төрт жасар бала ауруханаға жеткізілді
СҚО-да полицейлер ҚР ҚК-нің “Кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Құқық қорғау органдары қаланың медициналық мекемелерінің біріне 4 жасар бала жатқызылғаннан кейін іс қозғап отыр. Бұл – облыстық полиция ведомствосы баспасөз қызметінің мәліметі, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысының білім басқармасы болған оқиғаға қатысты толық ақпар берді. Басқарма хабарлағандай, травматолог дәрігердің қорытындысына сәйкес баланың оң иығында, арқасында, екі жамбасында, екі санында, тізе буындарында тері асты гематомасы бар, жақ сүйегінде ұрып-соғу белгілері анықталды, қуық бөлігі зақымданған. Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын салған адам анықталмады.
“Кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын салу фактісі бойынша оның анасы толық мәлімет бермей отыр, ол кәмелетке толмаған баланың абайсызда өзіне-өзі зиян келтіретінін айтады. Бұл жерде ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасау, атап айтқанда кәмелетке толмаған ұлына қатысты қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етпеу фактісі бар. Кәмелетке толмаған баланы Қызылжар ауданы Архангельское ауылындағы “Қиын өмірлік жағдайға душар болған балаларды қолдау орталығы” КММ орналастыру туралы мәселе қаралды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу кезінде кәмелетке толмаған баланың анасы тұратын жерде болуы оның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін”, – делінген СҚО білім басқармасы баспасөз қызметінің хабарламасында.
Әйел Қамқоршылық бөлімінің қызметкерлерімен де кездесті. Сонда ол өз балаларының әкесімен сөйлеспейтінін, оның қай жерде екенін білмейтінін және кішкентай баланың құлау салдарынан көптеген жарақат алғанын айтқан.
“Үлкен ұлы ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, Қызылжар ауданы Архангельское ауылындағы “Қиын өмірлік жағдайға душар болған балаларды қолдау орталығы” КММ орналастырылды. Азаматшаға балаларды қолдау орталығының байланыс деректері беріліп, ата-ана міндеттерін орындау бөлігінде заңнама нормалары түсіндірілді”, – деп хабарлады СҚО білім басқармасының баспасөз қызметі.