Петропавлдық дарынды оқушы математикалық олимпиадаларда жеңіс тұғырынан көрінуде
Мақсаткер, ерекше әрі дарынды – 4-сынып оқушысы Савелий Фатеев математика пәні бойынша өткен республикалық «Бастау» олимпиадасында 1-орын алып, Солтүстік Қазақстан облысының намысын абыроймен қорғады. 10 жасында №7 орта мектептің оқушысы жоғары интеллектімен Алматыны бағындырды. Олимпиадаға дайындығы, Петропавлда жеңімпазды қалай қарсы алғаны, сондай-ақ басқа да жетістіктері туралы QZ News тілшісі баяндайды.
Зияткерлік додаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 140-тан астам оқушы қатысты. Олардың қатарында НЗМ, Республикалық физика-математика мектебі мен «Бөбек» Ұлттық орталығының оқушылары болды.
Олимпиадаға дайындық күрделі әрі ауқымды болды. Қалалық, облыстық және республикалық кезеңдерге Савелийді сынып жетекшісі Татьяна Черепанова дайындады. Ұстаздың қолдауы мен Савелийдің табандылығы оның мақсатына жетуіне жол ашты. Осылайша, оқушы СҚО-ны республика деңгейінде үздік көрсете білді.
Петропавлда жеңімпазды мектеп директоры, сынып жетекшісі, мектеп президенті, ата-аналар мен сыныптастары салтанатты түрде қарсы алды.
«Бұл жеңіс – қажырлы еңбек, талант пен білімге деген ұмтылыстың жемісі. Біз шәкіртімізді мақтан тұтамыз және оған алдағы уақытта жаңа табыстар тілейміз», – дейді №7 мектеп әкімшілігі.
Жас математик бұған дейін де көптеген олимпиадаларға қатысып, жеңімпаз атанған.
«Кенгуру-математика барлығы үшін», «Ақ бота», «Дарын», «Барыс», «Ustudy», «Ular» олимпиадаларына қатысты. Көбінде 1 немесе 2 орын иеленген. Ең есте қалғаны, әрине, республикалық «Бастау» математикалық олимпиадасы», – дейді анасы Светлана Александровна.
Білімге деген құштарлығы, еңбекқорлығы мен тәртіптілігі арқасында Савелий үнемі жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
Жеке жобалар жасау Савелий үшін қиын емес. Ол 2022 жылы «Зерде» байқауында «Көбейту мен бөлу кестесі» тренажерын «SCRATCH» бағдарламасында жасап, оны сәтті қорғап, қалалық кезеңде 1-орын иеленді.
Сондай-ақ, 11 сәуір күні Савелий Ғылым қызметкерлері күніне арналған «Жас зерттеушілер: ғылым туралы диалог» атты интерактивті шараға қатысты. Онда «Зерде» республикалық ғылыми жобалар байқауы мен «Бастау» олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері – 20 оқушы бас қосты. Савелий өз білімін көрсетіп, тәжірибесімен бөлісті. «Қызылжар дарыны» орталығы мен СҚО Білім басқармасының өкілдерінің сұрақтарына бейресми жағдайда жауап берді.
Тығыз кестесіне қарамастан, Савелий хоббиіне де уақыт табады. Анасының айтуынша, ол бос уақытында кітап оқуды ұнатады, робототехникаға қызығады, кейде достарымен футбол ойнайды.