Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Қазгидромет болжамы: “Бүгін кешке тораптағы су ернеуінен асуы күтіледі”

Қазгидромет болжамы: “Бүгін кешке тораптағы су ернеуінен асуы күтіледі”

Бір тәулік ішінде облыс аумағында 8 адам эвакуацияланды. 6 адам туыстарына, екеуі эвакопунктке орналасты. Бұл – Чернигов және Красная Поляна ауылдарының тұрғындары. Су 8 үйге кірген екі елді мекен де Тайынша ауданында орналасқан, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Облыстық ТЖ Департаменті осы ауылдардан 41 ауыл шаруашылығы жануары қауіпсіз аймаққа айдалғанын айтты. Облыстың автомобиль жолдарында 30 шаю тіркелді. Ашық тұрғандары – 20, оның ішінде облыстық жолдарда – 4, аудандық жолдарда – 14. Уәлиханов ауданындағы Қаратал ауылына кірме жол жабылды. Онда құтқарушылар кезекшілік етеді.

“Су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу шеңберінде Тайынша ауданының “Келлеровка-Тайынша” облыстық маңызы бар автожолында жол төсемі қазылды. Алексеевка ауылы арқылы балама жол бар. Сонымен қатар, КТТА-69 “Келлеровка-Южная” аудандық маңызы бар жол қазылды. Балама жол жоқ. Біз эвакуациядан бас тартуға тап болдық, адамдар үйлерінен кетуден бас тартады. Жол талғамайтын көліктерді дайындап қойдық, жағдай нашарлаған жағдайда эвакуация жүргізіледі”, – деді СҚО ТЖ Департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов.

Құтқарушылардың айтуынша, Тайынша ауданы Доброжановка ауылында күрделі жағдай қалыптасқан. Еріген су елді мекенге кірді, қазіргі уақытта эвакуация жүргізілмейді, бірақ бұл орын алуы мүмкін екені алға тартылады. Жағдайды Шағалалы су қоймасынан суды ағызу, аймақ аумағындағы ауа температурасының жоғарылауы қиындатып отыр.

Уәлиханов ауданында Құлыкөл және Қаратал ауылдарында СҚО ТЖ Департаментінің, сондай-ақ Түркістан облысының күштері мен құралдары топтастырылды. Аудандағы жағдай тұрақты, соңғы аталған топ Сергеевкаға жіберілді, ал жергілікті құтқарушылар Петропавлға оралады.

“Топырақтың қату тереңдігі аймақта 160 см-ге дейін жетті. 25 наурыз күні күрт жылыну, жауын-шашын болды, бұл еріген судың пайда болуын күшейтті. Қардың еруі жақын арада жалғасады, топырақ баяу жібиді. Сергеев су қоймасының толымдылығы 95% құрайды. Бүгін кешке бөгеттен су төгілуі ықтимал”, – деді СҚО бойынша “Қазгидромет” РМК директорының орынбасары Наталья Левина.

Синоптиктердің мәліметінше, екі күннен кейін облыста жаңбыр түрінде жауын-шашын әкелетін циклонның келуі күтіледі, жауын-шашын түнде қарға көшу мүмкін.

Shares