ҚР-да шығармашылық индустрияны дамыту туралы ұсынысты СҚО-ның іскер әйелдер қауымдастығы қолдады
Шығармашылық индустрия БАҚ, кино, музыка, дизайн, білім беру, ақпараттық технологияларды қамтиды. Қазіргі әлемде нағыз инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі ретінде азаматтардың шығармашылық әлеуеті мен зияткерлік капиталына негізделген «шығармашылық өндіріс» болып табылады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, елімізде бұл бағыт әлі де дамымаған. Шығармашылық индустрияның ЖІӨ-ге қосқан үлесі тіпті 1%-ға да жетпейді, жұмыспен қамту құрылымындағы үлесі де өте төмен. Дегенмен, талантының арқасында әлемдік аренада да танылған отандастарымыз жетерлік. Шығармашылық индустрия субъектілерінің өндірістік процесінің ерекшеліктері олардың кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына толық қатысуға және қаржы алуға мүмкіндік бермейді.
Осы саланы қолдау туралы ұсыныс өңіріміздегі жұртшылық арасында кеңінен қолдау тапты.
«Президенттің өз Жолдауында креативті индустрия мәселесін көтергеніне өте қуаныштымын. Қазақстанда шығармашылық орталықтардың ашылатындығы қуантады. Қазір бұл сала бүкіл әлемде қатты дамыған. Біздің облыс үшін бұл өте маңызды болады деп ойлаймын. Бүкіл әлемді таң қалдыратын талантты жастарымыз көп», – дейді “СҚО Іскер әйелдер қауымдастығының” ҚБ атқарушы директоры Дина Мұхамбетжанова.