Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » ҚР Қаржы министрі СҚО-дағы жобалармен танысты

ҚР Қаржы министрі СҚО-дағы жобалармен танысты

Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев өңірдің бірқатар маңызды жобаларымен танысып, бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды QZ News.

Министр «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағы аумағында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысын талқылауға арналған кеңес өткізді. Кездесу барысында инженерлік желілерді тарту бойынша мердігер ұйым басшыларының есептері тыңдалды. Сондай-ақ, отандық және шетелдік инвесторлар арнайы экономикалық аймақта жүзеге асырып жатқан жаңа өндірістердің құрылысы жөнінде баяндады.

Қазіргі таңда №3 ішкі аймақта нан-тоқаш өнімдерін шығаратын зауыт, трактор мен ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін кәсіпорын, көтергіш-көлік жабдықтары мен көпірлік крандар зауыты, саңырауқұлақ фермасы және компост зауыты сынды жобалар жүзеге асырылуда.

«Үшінші ішкі аймақта жалпы сомасы 105 млрд теңгені құрайтын 16 келешегі зор инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобаларға Италия, Қытай, Ресей және Германиядан капитал тартылмақ. Нәтижесінде 1,7 мың жаңа жұмыс орны ашылады», – деп жазды өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сондай-ақ, Мәди Такиев «YDA Group» компаниясы салып жатқан Көпбейінді облыстық аурухананың құрылысымен танысты. Бұл – өңірде халықаралық стандарттарға сай салынатын алғашқы жоғары деңгейлі аурухана болмақ. Маңызды әлеуметтік нысанның ашылуы – өңірде заманауи технологияларды енгізуге, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға серпін береді.

Shares