Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » «Радуга» ЖШС мен Бескөл мектеп-колледжі СҚО-да білікті кадрларды қалай даярлап жатыр

«Радуга» ЖШС мен Бескөл мектеп-колледжі СҚО-да білікті кадрларды қалай даярлап жатыр

Солтүстік Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы өңірде дуалды оқытуды белсенді түрде дамытып келеді. Мұндай серіктестікке жарқын мысал – «Радуга» ЖШС мен Бескөл мектеп-колледжінің ынтымақтастығы. Бұл оқу орнында «Машина жасау технологиясы (түрлері бойынша)» мамандығы бойынша «Бағдарламалық басқару станоктарының операторы» біліктілігіне ие студенттер заманауи жабдықтарда жұмыс істей отырып, тәжірибе жинақтауда, деп хабарлайды QZ News.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өңірлік Кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалин Бескөл мектеп-колледжінің әлеуметтік серіктесі — «Радуга» ЖШС-не барды. Бұл оқу орны тікелей кәсіпорынның сұранысына бейімделген.

«Радуга» ЖШС мамандарды даярлауды қысқамерзімді кәсіби оқытудан – «Атамекен» ҚР ҰКП тізіліміне енгізілген оқу орталығынан бастаған.

«Келесі қадам – заманауи еңбек нарығының сұранысына бағытталған мамандарды даярлайтын колледж ашу болды. Кәсіпкерлер палатасы оқу бағдарламаларын әзірлеуге белсенді қолдау көрсетіп, келісім берді. Дуалды оқыту жүйесі бойынша білім алған колледж түлектері кәсіпорынға жұмысқа орналасуға кепілдік алады», – деді СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалин.

2021 жылы колледжге жалпы орта білім негізінде алғашқы студенттер қабылданды. Ал 2022 жылдың жазында алғашқы түлектер оқуын аяқтады.
«Радуга» ЖШС – бұл металлопластик бұйымдар зауыты, азық-түлік фабрикасы, жуғыш заттар мен қағаз өнімдері фабрикасы, Raduga Metal Technology зауыты, көтерме-тарату орталығы, картоп-көкөніс сақтау қоймасы мен жылыжай кешенін қамтитын көпсалалы индустриялық парк.

Бескөл мектеп-колледжінің өндірістік оқыту шебері Сергей Азоянның айтуынша, қазіргі таңда 58 студент кәсіпорынның 13 учаскесінде тәжірибеден өтуде.

«Өндірістік тәжірибе кәсіпорында ақы төленетін түрде жүргізіледі және ол екінші курстан басталады. Екінші курс студенттері шамамен 60 мың теңге көлемінде стипендияға тең өтемақы алса, үшінші курстан бастап бұл сома қызметкер жалақысының 70-80%-ына дейін жетеді», – деді ол.

Үшінші курс студенті Михаил Шиломенцев оқу мен ақылы тәжірибені қатар алып жүру мүмкіндігін жоғары бағалайды.

«Маған біздің тәжірибемізге ақы төленетіні ұнайды. Қазір мен тәжірибеден орта есеппен 140 мың теңге табамын, ал стипендиямен қосқанда 200 мыңға жуықтайды. Оқуымды аяқтаған соң екі ай ішінде осы жерде жұмысқа қаламын, бұл дегеніміз – жалақым да артады», – дейді Михаил.

Shares