С.Шаймерденов атындағы Қазақ классикалық гимназиясына 70-тен астам кітап сыйға тартылды
Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласындағы Сафуан Шаймерденов атындағы Қазақ классикалық гимназиясына Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің атынан 70-тен астам кітап сыйға тартылды. Бұл іс-шара Ұлттық кітап күні аясында ұйымдастырылды. Бұл ақпаратты университеттің баспасөз қызметі QZ News-ке хабарлады.
Ұлттық кітап күні – Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл алғаш рет 23 сәуірде атап өтілуде.
«Кітапқа деген сүйіспеншілік – керемет қасиет. Көптеген елдерде кітап пен оқуға арналған ұлттық күн атап өтіледі… Біз, ең алдымен, жастардың оқуға деген ынтасын оятуымыз қажет. Сонда ғана біз оқырман ұлтқа айналамыз», – деді Президент Ұлттық құрылтай отырысында.
Осы бастаманы қолдай отырып, университет өкілдері мектепке тарих және танымал тұлғалар туралы кітаптарды тарту етті.
«Біз әйгілі қазақстандық ғалым Манаш Қозыбаевтың еңбектері мен көрнекті жазушы, ақын Мағжан Жұмабаев туралы әдебиеттерді сыйлап отырмыз. Бұл кітаптар оқушылардың білімін толықтырып, ой-өрісін кеңейтіп, оқу процесіне септігін тигізеді», – деді Kozybayev University басқарма өкілі Ануарбек Қақабаев.