Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Солтүстік Қазақстан облысындағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы: 2025 жылы 330 млн теңге бюджетпен 111 жоба іске асырылмақ

Солтүстік Қазақстан облысындағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы: 2025 жылы 330 млн теңге бюджетпен 111 жоба іске асырылмақ

Qyzyljar creative center-де Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні атап өтілді. Іс-шараға облыстық ҮЕҰ өкілдері, ардагерлер мен жастар ұйымдары, еріктілер қатысты. Кездесуде азаматтық бастамаларды біріктіру, сондай-ақ еңбек мамандықтары мен жасанды интеллекттің қоғамның болашағындағы рөлі талқыланды, деп хабарлайды QZ News.

Жиынды Солтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Кемел Оспанов ашты. Ол ҮЕҰ саласындағы мемлекеттік органдардың басты серіктесі Солтүстік Қазақстан облысының Азаматтық альянсы екенін атап өтті. Альянс құрамына өңірдің әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуге, ҮЕҰ секторын дамытуға қолайлы жағдай жасауға және күш-жігерді тиімді үйлестіруге көмектесетін 25 жетекші ұйым кіреді.

«2024 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 414 млн теңгеге 120 жоба сәтті жүзеге асырылды. Салыстырмалы түрде, 2023 жылы 258,5 млн теңге бөлініп, 104 жоба іске асырылған болатын. 2025 жылға 330 млн теңге бюджетпен 111 жоба жоспарланған.

2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша өңірде 465 ҮЕҰ жұмыс істейді. Оның ішінде 383 ұйым белсенді жобаларын жүзеге асыруда, 14-і уақытша тоқтап тұр, ал 68-і қазір әрекетсіз. Әсіресе, облыс аудандарында жұмыс істейтін 75 ҮЕҰ ерекше назар аударуға лайық. Олар жергілікті қауымдастықтардың дамуына өлшеусіз үлес қосуда.

Біздің ұйымдар негізінен жастар мен балалар бастамаларына, білім беру, спорт және әлеуметтік қорғау салаларына бағытталған. Бұл салалар дені сау әрі белсенді азаматтық қоғам қалыптастыру үшін аса маңызды», – деді Кемел Оспанов.

Сонымен қатар, жасанды интеллектті енгізу, еңбек құндылықтары мен азаматтық бастамалардың рөлі жөнінде атқарушы директор Маржан Тәжімұратова, СҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Сауле Сүлейменова, «The Last Hope» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Руслан Асаубаев және басқа да спикерлер өз ұсыныстарын ортаға салды.

Кемел Оспановтың айтуынша, 2025 жылы бірқатар ірі іс-шаралар өткізілмек: XII Азаматтық форум, Облыстық ҮЕҰ слеті, «Жасыл ел», Жастар форумы, «НаркоСТОП» жобасы, Аймақаралық КТК лигасы, Республикалық дебаттар және «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауы.

Кездесу соңында өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың белсенді өкілдерін марапаттау рәсімі өтті.

Shares