Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері Литва елшісімен көлік тасымалының түйткілді мәселесін талқылады

Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері Литва елшісімен көлік тасымалының түйткілді мәселесін талқылады

Солтүстік Қазақстан Кәсіпкерлер палатасы алаңында Литваның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Эгидиюс Навикас мырза мен аймақтық бизнес өкілдерінің кездесуі өтті. Ол Литваның экономикалық мүмкіндіктерімен таныстырып, өз елінің сенімді сауда серіктесі ретіндегі артықшылықтарын атап өтті, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Кездесу барысында ынтымақтастықтың әлеуеті, соның ішінде сауда, ауыл шаруашылығы, технология, туризм, көлік және т.б. талқыланды. Елдер арасындағы көлік мәселесі өңірге импорттық ауыл шаруашылығы техникасын жеткізумен айналысатын кәсіпкерлер үшін өзекті болып қала береді.

«Бүгінге дейін шекарадан өту қиынға соғуда. Көліктер Клайпед портында өте ұзақ, 7 күнге дейін немесе одан да көп уақыт тұрып қалады. Біз, әрине, оның себебін түсінеміз, бірақ Түркия немесе Қытай арқылы өткізбес үшін бұл мәселенің келесі жылдары шешілуі мүмкін бе екенін білгім келеді», – деген сауал жолдады «KAMETEX» ЖШС өкілі Руслан Хасенов.

Бұл сұраққа Литва Елшісі шекарадағы кезектер «қалыпты жағдай» екендігін яғни Беларусьпен бірнеше шекаралық нүктелердің жабылуына байланысты  деп түсіндірді. Сонымен бірге, ол Литва мен Қазақстан Клайпеда порты арқылы тауарларды өткізу мүмкіндіктерін кеңейтіп, рәсімдерді жеңілдету бойынша келіссөздерді жалғастырып жатқанын атап өтті.

«Бұл қалыпты жағдай.  Беларусьпен шекараны Польша ғана жауып қойған жоқ, Латвия да жапты. Алты пунктің төртеуі жабылған кезде, қалған екеуінде көлік қозғалысы артты. Рұқсат беру мәселесіне қатысты Литва мен Қазақстанның көлік министрліктері арасында үнемі келіссөздер жүргізілуде, тауарлардың Клайпеда порты арқылы өтуі үшін шешімдер мен жаңа мүмкіндіктер қабылдануда»,-деді Эгидиюс Навикас.

Литва елшілігінің көлік атташесі Александрса Ступенко кәсіпкерлерге қазіргі уақытта Литвамен шекарадағы жағдай айтарлықтай жақсарғанын айтты. Бұрын бір-екі аптаға жетуі мүмкін болса, қазір  күту уақыты 3-4 күнге дейін қысқарды. Сондай-ақ ол 1 желтоқсаннан бастап шекарада алдын ала тіркелудің жаңа тәртібі жарияланғанын айтты. Елші кәсіпкерлерге Литваның Солтүстік Қазақстанда еліміздегі 12-ші консулдығының ашылғаны туралы хабардар етті. Солтүстік Қазақстандағы құрметті консул міндетін Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсел Есжанова атқаратын болды. Сондай-ақ тараптар алдағы уақытта іскерлік миссияларды өткізуге келісті.

 

Shares