СҚО әкімі: «Күшейтілген режимдегі жұмыс су толық кеткенге дейін жалғасады»
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Тепличное ауылында өңірдегі су тасқыны жағдайына байланысты жедел кеңес өткізіп, жауапты басшылардың баяндамасын тыңдады. СҚО-да табиғи апатпен күрес жалғасуда. Тепличное ауылындағы бөгетті сақтау бойынша тапсырма орындалды, деп хабарлайды QZ News.
Басты міндет — азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Күшейтілген режимде бөгеттерді нығайту жұмыстарына облыстық ТЖД қызметкерлері, Ұлттық ұлан академиясы, 6637 әскери бөлімі, Азаматтық қорғау академиясы, басқа өңірлерден келген ТЖМ құтқарушылары, мемлекеттік қызметшілер, барлық аудан өкілдері, еріктілер мен жергілікті тұрғындар тартылды. Суасты жұмыстарын жүргізу үшін сүңгуірлер де жұмылдырылды.
Көптеген кәсіпорындар мен ұйымдар қызметкерлері де белсенді көмек көрсетті. Қоғамдық тәртіпті полиция қызметкерлері қамтамасыз етті. Жұмысқа қатысушыларға тамақ ұйымдастырылып, жедел жәрдем кезекшілікте болды.
Барлығы 1,5 мыңнан астам адам мен барлық қажетті техника жұмылдырылды. Облыс әкімі елді мекенді су басу қаупінен қорғауға үлес қосқан әрбір азаматқа шын жүректен алғыс білдірді.
«Күшейтілген режимдегі жұмыс су толық кеткенге дейін жалғасады. Әрбір тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, инфрақұрылымды сақтау үшін әрі қарай да ұйымшылдықпен және жауапкершілікпен әрекет етуіміз қажет», – деді өңір басшысы.
Бүгін бүкіл ел Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтуде. Мемлекет басшысы бұл мерекенің ұлтаралық келісімді нығайтып, жалпыұлттық бірлікті арттырудағы ерекше маңызын әрдайым атап көрсетіп келеді.
«Мерекеге қарамастан, көптеген азаматтарымыз елді мекендерді қорғап, бөгеттерді нығайту жұмыстарын жалғастыруда. Жерлестеріміздің бірлігі, ерлігі мен жанкештілігінің арқасында біз қиындықтарды еңсеріп, ортақ мақсаттарға қол жеткізіп келеміз. Баршаңызды Бірлік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға сарқылмас күш-қуат, амандық және денсаулық тілеймін!», – деп атап өтті СҚО әкімі.