Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО әкімі су шаруашылығы саласының мамандарына Президент атынан мемлекеттік наградалар табыстады

СҚО әкімі су шаруашылығы саласының мамандарына Президент атынан мемлекеттік наградалар табыстады

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов кәсіби мерекеге орай өңірдің су шаруашылығы саласының өкілдеріне Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік наградалар табыстады. Марапатқа су шаруашылығы кәсіпорындарында еңбек ететін шеберлер, слесарьлар, машинисттер мен операторлар ие болды. Олар күнделікті тынымсыз еңбегімен облыс тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп келеді, деп хабарлайды QZ News.

Өңір басшысы саланың жоғары жауапкершілік пен кәсібилік талап ететінін атап өтіп, табиғи сынақтарға үнемі дайын тұратын мамандардың еңбегіне алғыс білдірді. Олардың арқасында өңірде су инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған стратегиялық жобалар жүзеге асуда.

Биыл бірінші көтерілімдегі сорғы станциясының қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды, алдағы уақытта резервтік станцияның құрылысы жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының елді 100% таза ауызсумен қамту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет қайтарылған активтерден 45 млрд теңге бөлді. Бұл қаражат Соколов, Булаев және Преснов топтық су құбырларын қайта жаңғыртуға, сондай-ақ жаңа су құбырлары мен тарату желілерін салуға бағытталады. Аталған шаралар облыстағы барлық ауылдарды сапалы ауызсумен қамтуға мүмкіндік береді.

«Сала мамандарының алдында ауқымды міндеттер тұр. Барлық су шаруашылығы қызметкерлеріне амандық, тұрақтылық және туған өлке игілігі жолындағы еңбектеріне сәттілік тілеймін!», — деді облыс әкімі.

Shares