СҚО білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова: “Туристік бағыттағы үйірмелерді дамыту қажет”
СҚО-да түрлі қызығушылық бойынша 3 169 үйірме, 1 962 спорт секциясы жұмыс істейді, онда 63,5 мың бала айналысады. Бұл мәліметтерді облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұраганова Тамыз конференциясы барысында мәлім етті. Оның пікірінше, қосымша білім беру саласында шешілмеген мәселелер баршылық, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Өңірімізде техникалық бағыттағы үйірмелер, оның ішінде робототехника нашар дамығанын мойындау керек. Туристік бағыттағы үйірмелерді де дамыту қажет. Қосымша білім беру жүйесінде заманауи жабдықтар мен заттар, оқу құралдары, білікті кадрлар тапшы болып отыр”, – деп атап өтті Айнагүл Сұрағанова.
Білім басқармасы бейінді бөлімдердің алдына бірқатар міндеттер қойды. Мұндағы мамандар балалар үшін жақын маңдағы қолжетімділікте үйірмелер мен секцияларды ашу мәселесін пысықтауы, балалардың жас ерекшеліктері мен мүдделерін ескере отырып, тегін үйірмелер мен секцияларға қолжетімділікті қамтамасыз етуі, тәуекел тобындағы барлық балаларды қосымша біліммен қамтуы, қосымша білім беру ұйымдары педагогтары мен басшыларының сапалы құрамын арттыру мәселесін шешуі қажет.